Ат спорты түрлерінен «ЭКСПО Кубогы» сыйақысының көлемі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАҚпарат - Ат спорты түрлерінен өтетін «ЭКСПО Кубогы» сыйақысының көлемі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған ат спорты түрлерінен «ЭКСПО Кубогын» ұйымдастыру бойынша өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, оның орынбасары Серік Жарасбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев қатысты.

Аламан бәйгеде аттар 25 шақырымға шабса, одан басқа 15 шақырымға топ бәйге, 7 шақырымға жорға аттар жарысады. Сонымен қатар 7 шақырымға құнан бәйге, 2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысы (гладкие скачки) өтетіні белгілі болды.

Ал Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Баймұхамедұлы жарыстың жүлде қоры туралы айтты. Белгілі болғандай ұшқыр аттар жарысында сыйақы қоры 63 млн. 600 000 теңге (200 000 АҚШ доллары). Бұдан басқа 36 млн. теңге (115 000 доллар) көлемінде сыйақы тағайындалады екен. Ол жүлдегерлер арасында бесінші орынға дейін бөлініп беріледі.

Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан шабандоздар қатысады. Сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден қатысушылар келеді деп күтілуде.

Аламан бәйгеде бас жүлдеге 10 млн. теңге, екінші орынға 5 млн., үшінші орынға 1,5 млн. теңге берілсе, мәреге төртінші келген адам мен бесінші болып жеткен шабандозға тиісінше 1 млн. мен 500 000 теңге сыйақы беріледі.

Топ бәйгеде жеңімпазға 5 млн. теңге, күміс жүлдегерге 2 млн., үшінші орынға 1 млн., мәреге төртінші келген адамға 500 000 мен бесінші орынға 300 000 теңге тағайындалады. Құнан бәйгеде бас жүлдеге 3 млн., күміс жүлдегерге 1,5 млн., қола жүлдегерге 1млн., төртінші орынға 500 000 мен бесінші орынға 300 000 теңге беріледі. Жорға аттар жарысында жеңімпаз 1,5 млн., күміс медалист 700 000 теңге, қола жүлдегер 400 000, төртінші және бесінші орынды қанағат тұтқан адам 200 000 мен 100 000 теңге алады.

Жарыстың үзіліс кезінде «теңге ілу», «жамбы ату», «қыз қуу», қазақы тазы иттер жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады.

Жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Астана қаласының әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстанның бәйге түрлері қоғамының ұйымдастыруымен өтеді.