Ата-ана мен бала жауапкершілігі Конституцияда айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияда ата-ананың бала алдындағы, баланың қартайған ата-анасы алдындағы жауапкершілігі нақты бекітілді. Бұл туралы журналист Максим Рожин Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Оның айтуынша, бұл өзгеріс отбасы құндылығын нығайтатын маңызды конституциялық нормалардың бірі.

— Конституцияға енгізілген өзгерістердің ішінде маған ерекше ұнағаны — «Ата-ана баласына жауапты, бала қартайған ата-анасына жауапты» деген қағида. Әр перзент өз әке-шешесіне қамқор болуы тиіс. Бұл — қоғам үшін аса қастерлі отбасы құндылығын сақтауға, ата-анаға деген құрмет пен жанашырлықты арттыруға бағытталған маңызды норма. Сондықтан бұл өзгерісті өте орынды деп санаймын әрі оның Конституцияға енгізілгеніне қуаныштымын, — деді Максим Рожин.

Сондай-ақ ол Конституциялық комиссия құрамында қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған нормаларды әзірлеуге қатысқанын айтты.

— Комиссияда Халық кеңесі мен Құрылтай жұмысына қатысты нормалармен айналыстым. Конституцияда Халық кеңесіне заң ұсыну құқығы беріліп отыр. Бұл қоғамдағы түйткілдерді тек айтып қана қоймай, билікпен ашық диалог арқылы заң жүзінде шешуге жол ашады. Сондықтан бұл нормалардың азаматтар үшін маңызы зор, — деді ол.

Максим Рожиннің айтуынша, Халық кеңесінің құрылуы қоғам пікірін заң шығару ісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

— Халық кеңесінің басты мақсаты — ел пікірін ескеру. Бұған дейін қоғамдық кеңестерде, Ұлттық құрылтайда және өзге де алаңдарда көтерілген мәселелер енді осы кеңесте қаралып, заңнамалық деңгейде ұсынылуына жол ашылады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция халық билігін күшейтетінін жазғанбыз.