Сондай-ақ балалардың жолда жарақат алуының профилактикасын күшейту қажет. Жаз кезінде мопед, скутер, велосипед жүргізетін кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының саны артады.
-Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктер ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен бірге жүйелі профилактикалық жұмыстарды қолға алсын. Балаларды, оның ішінде спорттық командалар мен шығармашылық ұжымдарды ұйымдасқан түрде тасымалдауға ерекше назар аудару керек. Жолға шыққан кез келген уақытта қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жауапты қызметтер міндетті түрде бірге алып жүруге тиіс. Туризм және спорт министрлігі әкімдіктермен бірге ішкі балалар туризмінің қолжетімді болуын қамтамасыз етсін, - деді О. Бектенов.
Үкімет басшысының пайымынша, Мәдениет министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың музейлерге, театрларға, кітапханаларға, мәдени орталықтар мен ұлттық саябақтарға тегін бару бағдарламаларын кеңейтуі керек.
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге оқушылар мен студенттерді уақытша жұмыспен қамту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс, бұл ретте барлық еңбек құқықтары мен қауіпсіздік нормаларын сақтау керек. Бос жұмыс орындарының «жәрмеңкелерін» және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да нысандарын ұйымдастыру қажет. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ ауылдық жерлердегі балалардың демалысы мен оларды сауықтыру шараларын ұйымдастыруға басымдық берілуге тиіс. Баланың өміріндегі ең маңызды құндылық – ол оның отбасы. Ата-аналар баланың өміріне бей-жай қарамай, араласатын ортасын, қызығушылығы мен бос уақытын қалай өткізетінінен хабардар болуы керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, отбасында ата-анасының мейіріміне бөленіп, дәстүрімізді біліп, ең жақын жандардан өнеге алып өскен бала өз бойына адалдық, еңбекқорлық және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін сіңірген жеке тұлға ретінде қалыптасады, - деді Премьер-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, оқушылардың жазғы демалысы орталықтарына полиция инспекторлары бекітілді.