Ата-аналар Бейнеу гарнизонына барып, жеке құрамның жағдайымен танысты

Фото: Қорғаныс министрлігі

АҚТАУ. KAZINFORM – Бейнеу гарнизонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлау полкінде мерзімді қызметтегі сарбаздардың ата-аналарына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. 

Шараға Бейнеу ауылынан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан әскерге шақырылған сарбаздардың отыздан астам ата-анасы қатысты.

Әскери бөлімге келген қонақтар жауынгерлік даярлықтың ұйымдастырылу барысымен танысып, жеке құрамның тұрмыс жағдайын, тамақтану және демалыс тәртібін көрді. Сондай-ақ ата-аналарға бөлімнің материалдық-техникалық базасы, заманауи жарақтандырылуы және әскери-есептік мамандықтарға сәйкес сарбаздарды даярлау кезінде қолданылатын жабдықтар көрсетілді.

«Әскери бөлімнің басшылығы мен бөлімше командирлері ата-аналардың барлық сұрағына жауап беріп, ұлдарының қызметі мен тұрмыс жағдайы туралы жан-жақты ақпарат берді», – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Азамат Жұмағазиев.

Іс-шара барысында тәрбиелік жұмыстарға, психологиялық қолдау көрсетуге және сарбаздарды оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Әскери қызметшілердің бірінің анасы Клара Гусманова ашық есік күнінен алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, ата-аналар казармаларды, оқу сыныптарын, асхананы аралап, командирлермен тілдескен.

«Әр ана ұлының қандай жағдайда қызмет етіп жүргенін білгісі келеді. Бәрін өз көзімізбен көріп, көкейіміздегі сұрақтарға толық жауап алдық. Бөлімде тәртіп, жинақылық және сарбаздарға деген қамқорлық бар екені байқалады», – деді ол.

Мұндай шаралар әскери бөлім басшылығы мен сарбаздардың отбасылары арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналардың сенімін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтау гарнизонында сарбаз көз жұмған болатын.