Кадр даярлау мәселесімен қатар, отырыста білім беру сапасы мен балалардың қауіпсіздігі де көтерілді. Атап айтқанда, мектептердегі буллингтің алдын алу, балалардың психологиялық саулығын сақтау, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының байланысын нығайту және цифрлық ортаны саналы пайдалану мәселелері талқыланды.
Осы мәселелер бойынша азаматтардың ұсыныстарын жинақтап, ортақ шешім әзірлеу үшін «Кеңес Ел» диалогтік платформасын дамыту ұсынылып отыр. Кеңес мүшесі Мұрат Әбеновтің айтуынша, алаң түрлі тараптың тәжірибесін ортақ ұсыныстарға біріктіруге мүмкіндік береді.
— Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы көпір болуы керек. Азаматтардың мәселелесін тыңдап, олардың тәжірибесі мен ұсыныстарын жеткізу маңызды. Осындай отырыстарда оларды мамандармен бірге талқылап, іске асыру жолдарын нақтылай аламыз.
Бұл ретте мен «Кеңес Ел» ақылдасу алаңын ұсындым. Оның мақсаты — ата-аналар, педагогтер, студенттер, ғалымдар мен жұмыс берушілердің білім және адами капитал мәселелері бойынша ақылдасып, тәжірибе бөлісуіне жағдай жасау, — деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында.
Еске салайық, алдағы уақытта Халық кеңесі өңірлердегі мәселелерді шешуге ұсыныстар әзірлейді.