Ата-ананың шағымынан кейін Қостанай облысындағы балалар лагері жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Санитариялық талаптарды бұзған «Светофор» балалар сауықтыру орталығының жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

Денсаулық сақтау министрлігі балаларды сауықтыру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды одан әрі күшейтіп жатыр.

Ата-ананың өтініші негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысы бойынша Қостанай облысында сот шешімімен санитариялық нормалардың өрескел бұзушылықтары анықталған «Светофор» балалар сауықтыру орталығының қызметі тоқтатылды.

— Жүргізілген тексеру барысында өтініште көрсетілген барлық факті расталды. Мамандар тамақтандыруды ұйымдастыру, сумен қамтамасыз ету, аумақ пен үй-жайлардың санитариялық жай-күйі, сондай-ақ персоналдың міндетті медициналық тексерулерден өту талаптарының бұзылғанын анықтады. Іс материалдарын қарау нәтижесінде сот орталықтың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, ал бұған дейін берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының күші жойылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Денсаулық сақтау министрлігі әрбір азаматтың өтініші ерекше бақылауда екенін атап өтеді. Балалардың қауіпсіз демалысы мен сауықтырылуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мемлекет үшін сөзсіз басымдық болып қала береді.

Бұған дейін елордада 180 мыңға жуық оқушы жазғы лагерьлерде демалғанын жаздық.