Оқушыны сипалаған семейлік мұғалім қазір білім саласында жұмыс істемейді - Комитет

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде тараған Семей қаласындағы мұғалімнің оқушы қызды сипалаған видеосы осыдан 2 жыл бұрын түсірілгені анықталды.

Кешелі бері әлеуметтік желіде тарап жатқан видеода мұғалімнің оқушы қызды мойнынан, құлағынан сипалағанын байқауға болады. Бұған қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен жауап берді. 

— Белгілі болғандай, видео 2023 жылы түсірілген. Қазіргі таңда оқушы қыз жалпы орта мектептің 9-сыныбында оқуын жалғастырып жатыр. Ал ерсі қылық жасаған мұғалім бүгінде білім саласында жұмыс істемейді. Комитет бұрынғы мұғалімнің әрекетіне құқықтық баға беру үшін құзырғы органдарға да хабарласты, — делінген ақпаратта.

Осы ретте, Kazinform тілшісі де Абай облыстық Полиция департаментімен байланысқа шығып көрді. Олар да желіде тараған ақпаратқа қатысты тексеріс жүргізілгенін мәлім етті.

— Оқиғаның екі жылдан астам уақыт бұрын болғаны анықталды. Баланың ата-анасы арыз жазудан бас тартты, — деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында түрмеде отырған адам көз жұмғаны хабарланған.