Ата-анасын пышақтап тастап, өзін байлап ұстады: Ақтөбеде атышулы іске қатысты сот отырысы басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ерлі-зайыпты зейнеткерді өлтіріп, жертөлеге тастаған, әйелді бірнеше сағат кепілде ұстаған айыпталушы Сәрсенбек Басановтің ісі бойынша сот алды тыңдауы өтті. Оған үш бап бойынша айып тағылды.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушы Сәрсенбек Басановтің ісі қарала бастады. Оған Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды. Сот алды тыңдауы кезінде прокурор Елдар Әбиев қысқаша айыптау актісін оқыды. Айыптау актісіне сүйенсек, 2024 жылдың қазан айында Сәрсенбек Басанов өзімен бірге тұрып жатқан Э.Қазтуғанованың бұрын басқамен қарым-қатынаста болғанын біліп, қызғаныш сезімі туындады. Екеуі жанжалдасып, соңында Сәрсенбек Басанов Э.Қазтуғанованы ұрған. 2024 жылдың қараша айында Сәрсенбек Басанов Э.Қазтуғанованың анасы Зина Шаймағанбетовамен кездесіп, заңды некеде тұрғысы келетінін айтады, рұқсат сұрайды. Ал Зина Шаймағанбетова екеуара шешуді ұсынады. Э.Қазтуғанова болса ата-анасымен бірге кәмелетке толмаған ұлын тәрбиелеп отырған соң заңды некеге тұруға құлық танытпаған.
— Сәрсенбек Басанов 2025 жылы 13 қаңтар күні сағат таңғы 05:00–06:00 шамасында ашуланып, Э.Қазтуғанованың ата-анасының үйіне барады. Ол алдын ала сөмкесіне пышақ, бұрағыш, лента салып, үйдің қоршауынан кіреді. Кейін жазғы үйдің терезесін қысып ашып, ішке енеді. Сонда сағат шамамен сағат 14:30–ға дейін жасырын күткен. Сағат шамамен 14:30–15:00-де Зина Шаймағанбетованың ас үйге кіргенін көріп, күшінің басымдығын пайдаланып, жедел әрекет етуге көшіп, күш жұмсаған. Алдын ала дайындап әкелген пышағымен Шаймағанбетоваға 20 рет, кеудесінің алдыңғы және артқы бөлігіне, бетіне, екі көпесіне, жүрекке, жүрек қалтасына, қолқасына, бауырына, оң жақ және сол жақ қолдарына, құлағына, мойнына пышақ жарақатын салған. Сот-медициналық қорытындысына сәйкес Зина Шаймағанбетованың өлімі көп мөлшерде қан жоғалтқаннан болған. Кейін Сәрсенбек Басанов аса ауыр қылмысын жасыру мақсатында ас үйдің еденінің астында орналасқан жертөлені пайдаланып, денесін жасырып тастаған. Сағат 15:30–16:30 шамасы аралығында Э.Қазтуғанова үйде анасы Зина Шаймағанбетованың жоқ екенін байқап, іздейді. Ас үйдің есіктерінің ашық тұрғанын көріп, ішіне кірген бойда бөлменің оң жақ бұрышында Басановтың тұрғанын көрген. Басанов ашулы күйде Қазтуғанованың қасына жүгіріп келіп, шашынан және күртешесінен ұстап тұрып, «жап аузыңды, айқайлама» деп еденге лақтырып, алдын ала өзі алып келген лентамен қол-аяғын байлап, аузын жауып тастаған. Осыдан кейін Басанов Қазтуғанованың кірпіктерін жұлып алады, — деді прокурор.
Айыптау актісіне сүйенсек, сол күні үйде болған Э.Қазтуғанованың өгей әкесі Б.Әлиев сағат 16:25–16:35 шамасында ас үйдің темір есігін сырттан ашып кіреді. Ол кірген бетте шошып кетіп, үстелге сүйеніп отырып қалған. Сол кезде Сәрсенбек Басанова оны ұстап алып соққыға жығады. Сәрсенбек Басанов қылмыстық ойын соңына дейін жеткізу мақсатында пышақты лақтырып тастап, шкафтың астында жатқан балтаны қолына алып, бірнеше рет соққы жасаған. Кейін жертөлені ашып, оны лақтырып жібереді.
— Біраз уақыттан кейін Әлиевтің жертөледегі телефоны шырылдай бастаған. Мұны естіген Сәрсенбек Басанов қолына балтаны алып, қаруланып, төменге түсіп, тағы да бірнеше рет соққы жасайды. Б.Әлиев 13 қаңтар сағат 16:35–тен 14 қаңтар сағат 01:21–ге дейін ұзақ уақыт бойы қансырып жатып, сол жатқан бойы көз жұмған. Сот-медициналық сараптамасына сәйкес көп мөлшерде қан кету, бас миының ашық жарақатынан көз жұмған. Сол күні сағат 18:30 шамасында Э.Қазтуғанованың кәмелетке толмаған ұлы ас үйдің ішінде анасының бар екенін анықтап, лентамен, скочпен байланып тұрғанын көріп, жүгіріп шығып, туыстарына хабарласып, полиция шақырған. Басанов шамамен сағат 15:30–дан бастап Қазтуғанованы бас бостандығынан заңсыз айырып, тамағына пышақ тақаған. Құқық қорғау органдарымен ұзақ уақыт келіссөз жүргізгеннен кейін Қазтуғанова босатылып, Басанов ұсталған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1, 3, 5-тармағы, 126-бабы 2-бөлігі 3, 4-тармағы, 107-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылды, — деді прокурор Елдар Әбиев.
Істе 4 жәбірленуші бар. Олар: қаза болған З.Шаймағанбетованың апасы, қаза болған Б.Әлиевтің екі қызы және Э.Қазтуғанова. Б.Әлиевтің қыздары айыпталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
— Әкеміз Зина апамен 7-8 жылдан бері бірге тұрды. Екеуі де керемет адам. Әкеміз олардың таныс екенін, үйге келіп жүретінін айтты. Бұрын есірткі тұтынып, емделгені туралы біз білеміз. Бірақ ол туралы сарапшылар айтар деген ойдамыз. Ол кезде қандай жағдайда болғанын да білмейміз. Себебін мен де есітігім келеді. Әкемізді, анамызды неге өлтірді, — деді жәбірленушінің бірі Анар Тәжмұханова.
Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды. Біреуі ауруханаға түсті. Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді. Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады.