Ата-анасы ажырасқан жағдайда балаға таңдау беріледі - Сәуле Айтпаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева ата-анасы ажырасқан жағдайда қандай балаларға таңдау құқығы берілетінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Омбудсменнің айтуынша, балалар құқығына қатысты заңнамаларға 2019 жылдың 1-сәуірінен бастап бірқатар өзгерістер енген. Ол өзгерістер ажырасу процестерін де қамтиды.

«Бұған дейін ақылы жетілген балалардың ата-анасы ажырасқан жағдайда кіммен тұратынын өзі шешу керектігі туралы көп айтылды. Сол ұсынысты жан-жақты зерделей келе заңға өзгеріс енгіздік. Жоғарғы соттың қаулысымен ата-аналар ажырасқан жағдайда 10 жасқа толған және 10 жастан асқан балалардан кіммен қалғысы келетіні туралы сұрау қажеттігі туралы шешім шығарылды», - деді ол.

Айта кетейік, орталық коммуникациялар қызметінде балалардың қауіпсіздігіне арналған баспасөз мәслихатында Сәуле Айтпаева кәсіпкерлерге үндеу тастаған болатын.