Ата-анасын қарттар үйіне тапсыру - дәстүрімізге қайшы, жанымызға жат құбылыс - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан бұл аптада бірқатар елеулі шаралар өтті. Осы орайда Мемлекет басшысының қатысуымен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды, сонымен қатар Министрлер кабинеті мүшелерінің қатысуымен брифингтер және басқа да шаралар өтті.

Алдымен тұңғыш рет Елбасының бастамасымен ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына тоқталып өтсек. Марапаттау рәсіміне аймақтық турлардан жеңіп шыққан 16 отбасы қатысты. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаған болатын.

«Өздеріңіз білесіздер, былтыр менің тиісті Жарлығыммен қыркүйектің 2-інші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі деп белгіленген болатын. Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық, әрбір шаңырақтың шаттығы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясының ең басты мақсаттарының бірі болып саналады. «Отбасы - береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі. Ағайынның татулығы - атамекеннің тұтастығы» деп атам қазақ бұрыннан айтқан болатын», - деді Елбасы жеңімпаздарды марапаттау шарасы барысында.

Сонымен қатар қатар Мемлекет басшысы жетімдер мен қарттар мәселесіне ерекше тоқталды. Президент баласы мен ата-анасын тастап кету масқара құбылыс деп бағалануы тиіс екендігін қадап айтты.

Бүгінде елімізде егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы бұндай түсінік болмаған. «Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Біз - қазақ осындаймыз!», - деді Мемлекет басшысы.

Президент ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана халқымызда ешқашан болмағандығын атап өтті.

«Бұл біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің. Бұл - халқымыздың өмірлік қағидасы, ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтарының негізі. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау - әрбір адамның қасиетті борышы»,-деді Елбасы.

Мұнымен қоса,Президент өзінің Әкімшілігі мен ҚР Үкіметіне екі айдың ішінде 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды нығайту бойынша шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Бұл - бүгінгі заманның қауіп-қатері, сондықтан да олар мемлекет пен қоғамның жүйелік шараларды қабылдауын талап етеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы бойынша 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту тұрғысында шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеу керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы Бимаханбетовтер отбасына шағын әмбебап автобустың кілтін табыс етті. Бимаханбетовтер отбасы 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен 10-нан астам шөбере сүйіп отыр. Отағасы Елтай Бимаханбетұлы - мәдениет саласының ардагері. Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Сонымен қатар байқауға қатысқан басқа 15 отбасы да елімізде шығарылған «Нива» көліктеріне ие болды. Концерттен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» орталық киноконцерт залы алдында тұрған көліктерін көріп, мәре-сәре болып жатқан отбасыларды аралап, олардың қуаныштарына ортақтасты.

Тоғыз қазақстандық университет әлемнің үздіктері қатарында

Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев бүгінде QS рейтингі бойынша еліміздің бір жоғары оқу орны ТОР-300 тізіміне кіретіндігін жеткізді. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Ал ТОР-400-ге Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті енеді. Тағы 7 қазақстандық университет ТОР-800-ге тұрақтап отыр.

Вице-министрдің айтуынша, 2010 жылы Болон процесіне қол қойылып, Қазақстанда бірқатар ұстанымдар енгізілген болатын. «Осындай ұстанымдардың бірі сапамен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі болып табылады. Кейбір университеттердің аккредитациялаудан өтпей қалатын жағдайы белгілі үрдіс. Біз осындай жүйені енгіземіз. Осы жүйе бойынша Қазақстан бойынша қазір екі аккредиттеу агенттігі қызмет етіп жатыр. Олармен қатар тағы 8 агенттік біздің ЖОО-ларға аккредитациядан өтуге мүмкіндік береді» - деп атап өтті Т. Балықбаев.

Осыдан кейін ол студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне тоқталды. Елімізде бүгінде барлық студенттердің 60 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. «Бірақ біз бұл көрсеткішті жеткілікті деп есептемейміз. Сондықтан Министрлік студенттерді жатақханамен қамтудың арнайы бағдарламасын әзірлеп, бірнеше жыл бойы сол жоспар бойынша жұмыс жасап келеміз», - деп атап өтті вице-министр.

Аталған бағдарлама бойынша биыл Қазақстанда 7 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Келесі жылы 11 жатақхананың құрылысы басталады. Мұндағы мақсат - 2016 жылға қарай студенттердің 80-ге жуық пайызын жатақханамен қамтамасыз ету болып отыр. Яғни, бюджеттен осыған жеткілікті қаражат бөлінген.

Белгілі болғандай, бүгінде Білім және ғылым министрлігі жасаған заң жобасы бойынша, Қазақстандағы 10 ЖОО академиялық еркіндік алады. Сондай-ақ қазіргі таңда бакалавриаттық білім беру бағдарламаларының 55%-ын, магистратураның 70%-ын және докторантураның 100 пайызын ЖОО-лар өздері белгілейді. Сондықтан оларға бағдарлама құрастыруда толықтай еркіндік бар.

Елімізде дизельдік отын мен жанармайдың бағасын көтерілмейді

Аптаның басында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин еліміздегі жанармай мәселесі жайында айтып берді.

«Қазақстан мен Ресейдегі мұнай өнімдері бағасының арасында өте үлкен айырмашылық бар. АИ-92 бізде 128 теңге тұрса, Ресейде 160 теңге тұрады. Ал дизельдік отынның бір литрін бізде 115 теңгеге сатып алуға болса, Ресейде ол 172 теңге. Яғни, баға айырмашылығы өте үлкен. Осындай баға айырмашылығын біле тұра Ресейден мұнай өнімдерін қымбатқа сатып алып, елімізге әкеп арзанға кім бергісі келеді. Сондықтан, жанармай тасымалдаумен айналысатын компаниялардың бағаны тағы да көтеру туралы ұсынысын ел Үкіметі қолдамады», - деп атап өтті ол.

Яғни, елімізде жанармай мен дизельдік отынның бағасы жуық арада көтерілмейді және осы қалпында сақталып тұратын болады.

Сонымен қатар министр Қазақстан жанар-жағармайды Түркіменстан мен Әзербайжаннан әкелу мүмкіндіктерін қарастырып жатқандығын тілге тиек етті.

Ресейде қазір жанармай экспорттау саласында үлкен қиындық туындап отыр. Өйткені, жуырда «Роснефть» компаниясына қарасты Ачинск мұнай өңдеу зауытында үлкен апат орын алған болатын. Сонымен қатар, тағы бірнеше ресейлік зауыттар өз жұмысын тоқтатқан.

«Ресейдің кейбір зауыттары күздік-жоспарлық жөндеу жұмыстарына байланысты жұмыс істемей тұр. Баланста тұрған жанармайының да жетіспеуінің өзіндік себептері бар деп ойлаймыз. Себебі олардың жанармаймен қамтамасыз етуі тиіс өңірлер пайда болды. Мен бұл жерде Қырымды айтып отырмын. Міне, осындай жағдайларға байланысты бүгінгі таңда Ресей нарығында шетелдерге, соның ішінде Қазақстанға жанар-жағармай экспорттау мәселесінде бірқатар қиындықтар туындады», - деп түсіндірді вице-министр.

Қазақстанда қыркүйек айында 250 мың тоннаға жуық жанармай өндіріледі, оның 180 мың тоннасы АИ-92 маркалы бензин болмақ.

Бүгінде Қазақстанның нарығы айына 280 мың тонна жанармай тұтынады. Соның үштен бір бөлігін үнемі Ресейден импорттап келеміз.