Ата-бабаларымыз мыңжылдықтар бойы мұсылман болғанын және ғұламаларымыз бүкіл әлемге ұстаздық еткенін дәлелдеуіміз керек - М. Алсабеков

None
АЛМАТЫ. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Ата-бабаларымыз бүкіл мыңжылдықтар бойы мұсылман болғанын және елімізден шыққан ғұламалардың бүкіл әлемге ұстаздық еткенін дүниежүзіне дәлелдеуіміз керек.

Бұл пікірін бүгін Алматыда өткен «Мырза Мұхаммад Хайдар Дулат парсы дереккөздерінде» және «Хибатулла ат-Тарази және оның рухани мұрасы» атты кітаптардың тұсаукесерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары шейх Мұхаммед-Хусейн Алсабеков айтты.

Оның айтуынша, әртүрлі  діни ағымдар мен секталардың көбейіп, ел ішін әркі-тәркі етуіне жол беріп алған өзіміз. Ол бүкіл мыңжылдықтар бойы ата-бабалармыздың мұсылман болғанын және бүкіл әлемге ұстаздық еткен ғұламары бар  елдің, ұрпақтың асыл сынығы екенімізді  дәлелдей алмаудың салдары. Ғұламаларымыздың қолжазбалары мен кітаптарын іздеп тауып, елге таныстыруда көзге түсіп жүрген зерттеушілер аса көп емес.

«Кеңестік дәуірде мемлекеттік қызметте жүріп намаз оқысаңыз, не дін туралы айтсаңыз 10 жылға сотталып кетуіңіз мүмкін еді. Мәселен бір журналист өз мақаласында хазірет Әлінің қылышын жазғаны үшін ғана осындай жазаға тартылған. Сондықтан мұсылман ғұламаларын зерттеу жұмысын сонау кеңестік дәуірден бастап жүргізіп келе жатқан Әбсаттар қажы Дербісәлінің еңбегін ерек атап өту керек. Бұл кітаптар осы үлкен істегі сүбелі еңбек деуге болады», - дейді «Хибатулла ат-Тарази және оның рухани мұрасы» кітабының жауапты редакторы Мұхаммед-Хусейн Алсабеков.