Ата-бабамыздың құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек – Президент

Фото: Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі

АСТАНА. KAZINFORM –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

- Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет, - деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық екенін атап өтіп, жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталды.

- Енді осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталайын. Біріншіден. Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі, - деді Президент.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін қозғады.