***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Сыр - алаштың анасы» атты мақала жариялады. Мақалаға Мемлекет басшысының Қызылорда өңіріне жасаған сапарында көтерілген мәселелер арқау болған. Мемлекет басшысы өңірді аралап, қызылордалықтардың жетістіктерімен таныса келе: «Биыл Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы. Осы жиырма жылдың ішінде жүздеген жылдар бойына жасалмаған істер жасалды. Мемлекетті құрдық, нығайттық. Оның ішінде білім саласына да айрықша көңіл бөліп отырмыз. Осы бір ғана Қызылорда облысының өзінде жүздеген мектеп іске қосылды. Ауруханалар салынып жатыр. Ата-аналардың жағдайы түзелді. Жалақылары артып, зейнетақылары көбейді. Қызылорда арқылы үлкен автокөлік дәлізі өтіп жатыр. Теміржолы сымдай тартылып тұр. Газ құбыры салыну үстінде. Бір кездері ауызсу тапшылығы болатын. Су үйдің 3-ші қабатынан жоғары көтерілмейтін. Электр жарығының тапшылығы болды. Бүгінде мұның бәрі қалыпқа келді. Ауыл, ауданның барлығы дамудың даңғыл жолына түсті. Қаланың да көркі кірді», дейді Елбасы.
Сондай-ақ басылымның жазуынша, осы күндері Тәжікстан астанасы әлемдік саясатшылардың аузынан түспеуде. Өйткені, мұнда маңызы зор саяси шаралар өтуде. Соның ең бастысы - алда болатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 20 жылдығына арналған мерейтойлық саммит. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады деп күтілуде. «Саммит жұмысы бүгін, яғни сенбі күні басталатындықтан, әуелі ұсынылған жоба бойынша оның күн тәртібінде 11 мәселе қаралатынын айта кетейік. Соның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының ұйымның 20 жылдығына арналған мәлімдемелері, 20 жылғы іс-әрекеттердің қорытындылары және перспективадағы міндеттері туралы сараптамалық баяндамалар тыңдалады», делінген мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Ғимараттарды қалай қазақыландырамыз» атты мақала басып, жақсы проблема көтерген. Басылымның жазуынша, қазір Астана мен Алматыда құрылыс қарқыны басыла қойған жоқ. Алайда қос қалада салынып жатқан зәулім сарайлардың 90 пайызында қазақстандық сәулетшілердің қолтаңбасы жоқ, барлығы шетелдік сәулеткерлердің жобасымен салынып жатқандығы жасырын емес. Еліміздің кейбір сәулетшілері республикамыздың бетке ұстар қос қаласының келбетіне, сәулеттік әсемдігіне алаңдаушылығын білдіріп отыр. Олар соңғы жылдары қарқынды жүрген құрылыстардың ешқайсысында ұлттық бояу жоқтығын, ғимарат саларда тарихи құндылықтарымызға назар аударылмай отырғандығын айтуда.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, Жақсылық Үшкемпіровпен болған сұхбат жарияланыпты. Әйгілі спортшы, бүгінде мықты кәсіпкер былай дейді: «Мына қазақтың сайын даласын малға толтыруымыз керек. Сонда ырыс та, береке де болады. Атам қазақ «білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғап, бізге қалдырып кеткен мұрамыз - бұл. Егер қазақ кезінде кетпен арқалаған отырықшы халық болса, судың бойын жағалап, аз ғана жерді қоршап алып, соған сауымын айтып, топталып отыра берер еді. Біле- білсең қазақтың малы осы далаға сыймай жатқан. Неше мыңдаған жылқы айдатқан байлар өткен, қойдың санына жетпеген. Сондықтан да аталарымызға осындай ұлан-ғайыр дала керек болды. Біз бүгін «жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орындамыз» деп мақтансақ, бұл - сол бабаларымыздың еңбегі». Аты аңызға айналған спортшының осындай тұшымды ойлары «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында жарияланған «Ата кәсіпті жалғастырып, қазақтың жерін малға толтыру керек» деген тақырыппен жарияланған сұхбаттан танысуға болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Инвестициялық климат тартымды» атты мақала жарияланды. Оған Алматыда өткен 6-шы Салық конференциясында көтерілген мәселелер сөз болған. Басылымның жазуынша, Қазақстан бүгінде салық және кеден жүйесін белсенді түрде жетілдіріп, оларды барынша халықаралық стандарттарға негіздеуде. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, Бүкіләлемдік банк Қазақстанды инвестициялық ахуалы тартымды 20 елдің қатарына енгізіпті. Сондай-ақ біз ТМД мемлекеттерінің қатарында инвестиция тарту жағынан жақсы рейтингтік көрсеткішке жеткен алғашқы елміз. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына елдегі саяси тұрақтылық пен нарықтық қатынастардың дамуына жағдай тудыру, құқықтық базаны ұдайы жетілдіріп отыру сияқты жәйттар зор әсерін тигізіп отыр. Конференцияда көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында айтылған.