Ата заң қоғамымыздың ілгерілеуі мен жетілуінің одан арғы жолын айқындап берді - Б. Бекназаров

АСТАНА.  27  тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Жоғарғы Сотында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті.

Шараға ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы  Бектас Бекназаров, Жоғарғы сот судьялары, Қазақстан судьялар одағының мүшелері, сондай-ақ сот жүйесі қызметкерлері мен Жоғарғы Сот ардагерлері қатысты.

Жиынды ашып сөз сөйлеген Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров қатысушыларды мемлекеттік мерекемен құттықтай келе, Ата заңның қазақстандықтар өміріндегі алатын орнына да тоқталып өтті. «Осыдан 17 жыл бұрын, 1995 жылдың 30 тамызында мемлекеттілік тарихымыздың алғашқы жылдарында жалпыхалықтық референдум жолымен халықтың өзі өткен бабаларымыздың жолын, бүгінгі һәм келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілігін терең түсіне отырып тәуелсіз Қазақстанның ең Жоғарғы заңын қабылдады. Міне, осындай қадам, халқымыздың ерік-жігерін көрсеткен осынау тағдыршешті құжат біздің қоғамымыздың ілгерілеуі мен жетілуінің одан арғы жолын айқындап берді», - деді Б. Бекназаров. Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, Қазақстанның өткен жылдардағы тұтастай жетістігі - бұл Ата заң негізінде қалыптасқан заңдардың нәтижесі.

Салтанатты шара барысында Жоғарғы сот судьялары, Қазақстан судьялар одағы орталық кеңесінің мүшелері және тағы басқа қонақтар сөз алып, жылы лебіздер білдірді, Ата заңның қоғамдағы орнын айшықтап сөйледі. Жиын сот саласындағы қызметкерлерге наградалар, құрмет грамоталарын, алғыс хаттарын табыстаумен жалғасты. Атап айтқанда, ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаровқа сот жүйесіндегі ұзақ жылдарғы кіршіксіз еңбегі, жетістігі және сот-құқықтық жүйесін дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін «Құрметті судья» атағы берілді. Бұдан бөлек,  «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен мемлекеттің құрылуы мен ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан елеулі үлестері үшін Жоғарғы сот судьясы Б. Жұмағұлов, ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот қызметтерін қамтамасыз ету департаменті басшысының бірінші орынбасары Ж. Әбдиев,  орынбасар А. Қасенова және басқалары марапатталды.

Бұдан басқа  «Сот жүйесінің ардагері» медальдары мен «Үш би» құрмет белгілері де өз иелерін тапты.  Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.