Ата заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды
«Қазақстан халқы осыдан он бес жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, жүрер жолын айқындады. Еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжатын - төл Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды», деп атап өткен Елбасы қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткенімізді баса айтты.
«Ата заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституция мемлекеттік биліктің қайнар көзі, халықтың өзі екенін айқындады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осы мерейлі межеге биыл он бес жыл толып отыр. Бүгінгі конференцияның осы айрықша мерекенің қарсаңында өткізілуі оның маңызын арттыра түседі деп есептеймін», деді ҚР Президенті.