Еліміз - зайырлы мемлекет. Айқара ашылған құшағына, кең қолтығына сан тағдырлы сан мыңдаған ұлтты біріктіріп жатыр. «Береке бастау бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік бар жерде - тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек.
Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Статистикалық деректер бойынша, елде 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екендігі белгілі. Осылардың арасында ешқандай да келіспеушілік, дүрдараздық жоқ. Олар Қазақстанды ортақ Отаны санайды. Елімізде ынтымақ пен бірліктің қаймағы бұзылмай сақталуында бірегей қоғамдық институт - Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясы халқымыздың адамгершілігі мен толеранттылығының таңғажайып үлгісі. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны бесенеден белгілі. Бұл - халықтың сана-сезімінің, салт-дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын нышаны. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілегенін анық аңғарамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері республикадағы ұлтаралық қарым-қатынастар экономикалық және саяси реформалар өткізу барысында жаңаланды. Қоғамда еркін ойлау мен толеранттылық нығайып, этномәдени бірлестіктер табысты даму үстінде. Азаматтардың, әсіресе жастардың арасында мемлекеттік тілді үйренудің табиғи процесі жүріп жатыр. Қазақстанның тілдік байлығы жалпықазақстандық мәдениетті байытып, көпұлтты Қазақстанның бірлігін нығайтатын фактор болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми басталуына орай арнаған сөзінде: «Бұл жыл - ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл. Қазақстан - бұл біртұтас жер, біртұтас халық, ортақ болашақ! Сондықтан, Ассамблея жылының басты идеясы - «Менің Елім - Мәңгілік Ел!» деп бұл шешімінің мән-маңызына тоқталып өткен болатын. Шындығында да, «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бабаларымыз ел бірлігі жөнінде өте орынды айтқан. Біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Елдің қол жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлемдік өркениет қызығушылық танытуда. Осының өзі көңілді марқайтып, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді арттыра түседі. Әрине, дос сүйсініп, дұшпан қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл - ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің мақсатымыз - қазақ жерін мекен еткен көп ұлтты халықтың ауызбірлігін бұзбай, мемлекеттің құдыреттілігін арттырып, әлемдік көштен кенже қалмай, дамыған 30 ел қатарының биігінен көріну.