Ата заңның жаңа редакциясы: адамға бағдарланған мемлекет
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Адам құқықтары мен бостандықтары — мемлекеттің басты құндылығы. Жарияланған жаңа Конституция жобасының өзегінде бұл қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды.
Бұл ұстаным құжаттың бүкіл мазмұнынан көрініс тапқан. Ең бастысы мыңжылдық тарихтың сабақтастығы — жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар.
Павлодарда конституциялық реформаны түсіндіруге арналған Павлодар облысы активінің кеңейтілген отырысы өтті.
Өңір басшысы Асайын Байханов атап өткендей, Конституция жобасы азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен ұсыныстарға, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлеріне сүйене отырып әзірленді. Осы уақыт аралығында реформаға қатысты азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Соның нәтижесінде Ата заңның барлық бөлімін қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізіліп, мәтіннің 84 пайызы жаңартылмақ.
— Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер жекелеген факторлармен ғана шектелмейді. Құжат мемлекетті, қоғамды түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Өзгерістердің басым бөлігі азаматтардың құқығын кеңейтуге бағытталып, саяси жүйені институционалдық тұрғыдан қайта құруға негізделген. Алғаш рет «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары ұсынылды. Бұл әділдікті, заңдылықты нығайтуға деген ұмтылыстың көрінісі, — деді Асайын Байханов.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Илья Теренченко құжаттың жаңа редакциясын талқылау және әзірлеу процесі ұзаққа созылғанын баяндады. Бұл ретте парламенттік реформаны қоғамдық талқылау тек жұмыс тобының қызметімен ғана шектелмеген. Мәселен, e-Otinish және eGov платформаларында «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы өткен жылдың қазан айынан бастап азаматтардан, сарапшылар қауымдастығы мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен жүздеген ұсыныс келіп түсті. Іс жүзінде талқылау Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде, Парламентті реформалау туралы бастаманы жария еткен кезінен басталды. Сонымен қатар, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктерден қолданыстағы Конституцияның ережелерін қайта қарау бойынша 1600-ден астам ұсыныс түскен.
— Негізгі өзгерістерді үш негізгі бағытта бөлуге болады. Алғашқысы — мемлекет адамға бағдарланады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары алдыңғы қатарға шығады және жеке бөліммен шектелмей, бүкіл Конституцияны қамтығалы отыр. Екіншісі — адами капиталды дамытуға баса назар аудару. Білім, ғылым, мәдениет және инновация тек мемлекеттік саясаттың бағытына ғана емес, ел дамуының іргетасына айналады. Цифрлық құқықтарға ерекше назар аударылады, бұл қазіргі ақпараттық кеңістікте жеке тұлғаны қорғау қажеттілігін көрсетеді. Үшіншісі — саяси жүйені жаңғырту. Бұл ретте мемлекеттің негізгі қағидаттары — тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық — мызғымас күйінде қалып отыр, — дейді Илья Теренченко.
Конституцияның преамбуласы — Ұлттық құрылтайда Президент тапсырғандай «қанша жылдар өтсе де, өзекті болып қала беретіндей» етіп қайта жазылды деуге болады. Алғысөзде «Ұлы Даланың» мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапты.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев қоғамдағы әділдікті күшейтуге, заң үстемдігін арттыруға қатысты жайттарға назар аударды.
— Ата заңымызда алғаш рет адвокатура туралы бап пайда болды. Қысқарта айтқанда, адвокаттардың мәртебесін мемлекеттік айыптаушы, яғни прокурорлармен теңестірген. Демек, мемлекет тек билік жүргізуші емес, азаматтардың құқығын қорғайтын, әділдікке кепіл болатын құрылым. Жаңа Конституцияны ескісімен салыстыра отырып оқығанда мынадай бір артықшылықты байқадым. Мәтін стилистикалық, грамматикалық тұрғыдан қатесіз әрі өте ұғынықты етіп жазылған. Бұл құжатты арнайы құқықтық білімі жоқ адамның өзі, тіпті мектеп оқушысы да түсініп оқи алатынына сенімдімін, — дейді ол.
Ал Торайғыров университеті ректорының міндетін атқарушы, PhD докторы Салтанат Әубәкірова Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет көрініс тапқан азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норманы қуана қабылдағанын айтты. Сондай-ақ білім беру жүйесі де зайырлы сипатта. Тек діни оқу орындарына ғана ерекше тәртіп қолданылады. Бұл білім беру саласында түсінікті әрі бірізді ережелердің болуын қамтамасыз етеді.
— Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Мемлекет адами капиталды, білім мен ғылымды дамытуға басымдық береді. Жоғары оқу орынының өкілі ретінде айтар болсақ, бұл еліміздің білімге және инновацияға негізделген экономика құруға бағыт алғанын көрсетеді, — деп қосты ол.
Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси жағдайды ескере отырып, ел ішіндегі тұрақтылығымызды сақтауға жағдай жасап жатқанына қоғам куә болып отыр. Бұл тұрғыда әрбіріміз азаматтық жауапкершілігімізді сезініп, тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді уыстан шығармауға, Ата Заңымызды ардақтап, адал қоғам қалыптастыруға күш салу қажет. «Ұлы дала» ұғымы өткенді дәріптеу үшін емес, болашаққа бағыт беретін идеялық тұғыр ретінде қарастырылды. Еліміздің мүддесіне лайықты, жан-жақты дамыған, бойларында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан қоғамымыздың ертеңгі иелері — жастар.
— Патриотизм — тек ұран сөз емес, ол күнделікті әрекеттен, білімге ұмтылудан, еңбекқорлықтан, заңға бағынудан және ел мүддесін қорғаудан көрінеді. Шынайы патриот өз елінің тарихын біледі, жетістіктерін мақтан тұтады және кемшіліктерін түзетуге атсалысады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — Отанды құрметтеу деген сөз. Сондықтан жас ұрпақ бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу — отбасының, мектептің және бүкіл қоғамның ортақ міндеті, — дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Аққулы ауданындағы спорт мектебінің директоры Дулат Абетжанов.
Осылайша жаңа қоғамдық келісімнің негізін айқындайтын Ата заң жобасы павлодарлықтардың көңілінен шығып отыр. Сарапшылар бұл ел дамуының келесі эволюциялық кезеңіне жол ашатынын алға тартады.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары мен айтылған ұсыныстары үшін алғыс білдірді.
— Жаңа Конституция тәуелсіздіктің символы ғана емес, мемлекеттің қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілігінің құралына айналып отыр. Соңғы шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Осы өзгерістердің мәні мен маңызын өңірдің әрбір тұрғынына жеткізу біздің ортақ міндетіміз, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Олжас Бектенов Жаңа Конституция жобасы — болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат екенін айтты.