Ата Заңымыздың, Тіл туралы заңның талаптары қашан орындалады? - депутат Р. Халмұрадов

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты бірқатар сұрақтарды алға тартты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының 2001 жылғы ақпанның 7-сіндегі Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Дегенмен, іс жүзінде іс қағаздар бұрынғыдай орыс тілінде дайындалады, содан соң аудармашының көмегімен қазақшаға аударылады, абзалында керісінше болуға тиіс еді. Ата Заңымыздың, Тіл туралы заңның осы талаптары қашан орындалады?», деді депутат.

Оның айтуынша, аталған мәселені шешу үшін әкімшілік реформа бағдарламасы аясында аумақтардан ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық мемлекеттік органдардың аппараттарында қызмет істеп жүрген қазақ тілінде іс-қағаздар дайындауды жақсы білетін мамандарды министрліктер мен ведомстволардың аппараттарына ауыстыру қарастырылған болатын. Тіпті осы мақсатта республикалық бюджет есебінен Астанада 1000 орындық жатақхана да салу қарастырылған. «2010 жылға арналған республикалық бюджетте жатақхананы пайдалану шығындары үшін қаржы да қарастырылды. Ал, осы жоба жүйелі түрде іске асты ма? Нәтиже қандай? Қайсы министрліктердің аппаратына, Үкімет Кеңсесіне қазақ тіліне қатысты қанша маман ауыстырылды?», дейді өз сауалында Р. Халмұрадов.