«Ата жолы» картасы: АҚШ пен Еуроодақ елдеріндегі қандастар қызығушылық танытуда

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанға шетелден оралған этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы 2022 жылдың соңында қолға алынды.

Фото: gov.kz

«Сұранысқа ие мамандығы бар және тұрған елінде бизнес-кейстерді табысты іске асырған этникалық қазақтарға елімізде кәсібін жалғастыруға құқық беретін «Ата жолы» картасы бар. Бүгінде картаны алуға үміткерлердің саны көбейіп келеді. «Ата жолы» картасын алуға көршілес Ресей, Моңғолиядағы қандастардан бөлек, АҚШ пен Еуроодақ елдеріндегі бауырларымызда қызығушылық танытуда», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде «Ата жолы» картасын 44 этникалық қазақ алды. Оның 24-і сұранысқа ие мамандық иелері, ал 20-сы кәсіпкер.

Айта кетейік, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайы бойынша елімізге 23 мың қандас (8,3 мың адамға өсті) көшіп келді.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың қараша айында қандастар үшін 10 жылдық «Ата жолы» картасы енгізілетіні туралы хабарлаған едік. 

Сондай-ақ, «Ата жолы» картасын қалай алуға болатыны туралы түсініктеме берілді.