«Мен Астанадан үлкен рухани байлық пен шығармашылық әсер алдым. Тіпті осында жұмыс істеуден бас тартпаушы едім. Бұл өзгеше және өте тамаша ел. Мен қазақтың ұлы ақыны Абайды өзімнің рухани жолбастаушым, пікірлесім деп есептеймін. Себебі мен Абайдай ойлаймын, бірдей сезінемін және бірдей тыныстаймын. Абай - менің рухани ағам», - дейді үлкен әсерге бөленген көрме авторы С. Меркадер.
Француздық қылқалам шеберінің айтуынша, қазіргі уақытта суретші Париждегі ательесінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың портретін салу үстінде.
«Ол туынды бір жылдан кейін бітіп қалуы мүмкін. Оның қандай антуражда болатыны әзірше құпия қалсын. Бір жылдан соң осында бас қосып, ол құпияны алдарыңызда ашатын боламын», - деді бір тосын сыйы барын айтып қалған Сауло.
«Хас Санат» өнер галереясының директоры Жанна Еңсебаеваның айтуынша, көрме Францияның ұлттық күні құрметіне арналған.
«Сауло Меркадердің көрмесі Астананың мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Сауло қазақтың Сәуле есімі сияқты Испанияда, Израильде «күн шуағы» деген сөзді білдіреді. Шынымен де ол қазақтардың мәдени салтына аса құштар әрі жан-дүниесі осы халыққа жақын жандардың бірі. Әлемдік деңгейдегі қылқалам шеберін Астанаға келуін ұйымдастыру аса қиын болды. Өткен жылы желтоқсанда суретші Сауло елордада жеке көрме ашуға келісімін берді. Содан бері ол Қазақстанға арнап 40-тан астам туынды салып, осы көрмеге дайындап әкелді», - деді ол.
Сауло Испанияда дүниеге келген. 1974 жылдан бері ол Францияда өсті, оқыды, жұмысын бастады. Атақты Колумбия университетін тәмамдаған ол, қазір шығармашылықпен қатар университетте ұстаздық етуде, көркемсурет өнерінің докторы, Францияның өнер және әдебиет орденінің командоры.