Атақты «Огонек» әнінің иесі авторлық құқығын дәлелдей алмай өмірден өткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сұрапыл соғыс жылдары жауынгерлер көзіне жас алып, ет-жүрегі елжірей шырқаған «Огонек» әнінің авторына қатысты айтыс таяу арада шешімін табуы мүмкін.

Қиян-кескі шайқаста көңілге демеу, жанына медеу болған шығармаға сарбаздың жан жарына деген сағыныш сазы алтын арқау болған. Осы лирикалық әннің Израильде тұратын авторы майдангер Михаил Никоненконың отбасы оның авторлық құқығын әйгілейтін құжаттарды тауып, дәлел-дәйектерді жинап болыпты.
«Огонек» әні қан майданда жауынгерлер жатқа айтып, жанына демеу болған шығармалардың бірі болғанын бүгінде тарих көрсетті. Арада 71 жыл өтсе де, сиясы кеппегендей, бір сөзі ұмыт болмай, реті келген жиындардың барлығында орындалады. Сағыныш пен сезімге толы осы әннің нақ композиторы Михаил Никоненко екенін әлі күнде дейін ешкім мойындамаған. Өкінішке қарай, автор өзінің құқын дәлелдей алмай, өмірден өтті.

«Сәуір айында жауынгерлерге соғыс туралы мақала, өлең жазылған баспасөз жетеді. Сонда дәл осы «Огонектің» шумақтары болады. Газет бригада командирінің орынбасары Коротковтың қолына түссе керек, әкеме қарап:«Мына тармақтарды қарашы. Тамаша жазылған екен. Мүмкін осыдан бір әдемі ән шығарарсың», -депті. 1 мамыр күні «Огонек» орындалады»,-дейді ұлы Александр Костеновский.
1943 жылы 57 армияның 173 танк бригадасына Горьков филармониясының әртістері келеді. Огонекты естіген олар Михаил Никоненкодан әннің нотасын сұрайды. Алайда нота танымайтын әуесқой композитордың орнына алғашқы болып туындының нотасын филармонияның концертмейстері жазады.
Александр Костеновскийдің айтуынша, соғыс аяқталған соң әннің авторы ізделуде деген хабарлама шыққан. Өзінің туындысы екенін әкем айтпақшы болды. Жай сөз емес, дәлел керек депті. Себебі авторлыққа таласушылар көп болған екен. Бертін келе майдан алаңына барып, әнді нотаға түсірген концертмейстерді таптық. Сол кездесу әсерге толы болды. Өзі нота жазған қағазды осы күнге дейін сақтапты. Ұзақ жылдар бойы Михаил Никоненко авторлық құқығын дәлелдейтін құжаттарды жинаумен өткен. Танымал «Огонек» әнінің шығу тарихы,1943 жылы алғаш рет әннің нотасы жазылған парақтар да осында. Бұлардың әрқайсысы түпнұсқалық сараптамадан өткен. Егер 1966 жылы осы қағаздардың барлығы сотта көрсетілген болса, белгілі әннің композиторы осы күнге дейін белгісіз болып қалмас па еді?
" Бастапқыда орындаса, орындай берсін, композиторы менмін деп мақтанғысы келмеді. Авторы кім деп іздей бастағанда өзі жайында мәлімдемекші болды. Уайымдама, онсыз да сені барлығы таниды деп айттым. Оның композитор екенін, 40 шақты ән жазғанын барлығы біледі. Жұбатқанмен, қатты ренжулі болатын. Айғақ заттарды жинағанмен, енді өзі өмірде жоқ. Тек сол «Огонекты» мойындамаулары оның өмірін қысқартты ма деп те ойлаймын»,-дейді жары Раиса Костеновская.
Михаил Никоненко тарихта «Огонек» әнімен қатар мына аккордионды да қалдырды. Қызыл армия тыңшылары тапсырманы орындау кезінде тұтқынмен қатар аспапты да алып келген деседі. Енді майдангердің отбасы араға 50 жыл салып, авторлық құқықты дәлелдемекші. Егер де расталса,«Огонек» әні айтылар кезде сөзін жазған - Михаил Исаковский, әні - Михаил Никоненко деп айтылатын болады. Әзірге туындының композиторы белгісіз болып қала бермек, деп хабарлайды 24. кz.