Атақты суретші Жұмақын Қайрамбаев Қырғызстан Ұлттық Сурет академиясының академигі атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атақты суретші Жұмақын Қайрамбаев Қырғыз Республикасының Ұлттық Сурет академиясының академигі атанды. Бұл туралы ҚазАқпаратқа белгілі суретші, мәдениет қайраткері Жеңіс Кәкенұлы хабарлады.

Бұған дейін қазақ суретшілерінен бұл атақты Е. Төлепбаев пен К. Дүйсенбаев алған болатын.

Айта кетейік, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы станокты кескіндеме шығармашылық оқу шеберханасының жетекшісі, кескіндеме кафедрасының профессоры Жұмақын Қайрамбаев 1953 жылы өмірге келген. 1975 жылы Алматы суретшілік училищесін тәмамдап, кейіннен Ресейде білім алады. 1981 жылы КСРО Суретшілер академиясы И.Е.Репин атындағы Ленинград мемлекеттік кескіндеме, скульптура және архитектура институтын бітіреді.

1985 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. Бірқатар республикалық, шетелдік, халықаралық сурет көрмелеріне қатысқан.

Жұмақын Қайрамбаев - Қазақстанның үздік кескіндемешілерінің бірі. Нәзік, өзіндік қолтаңбасы бар, кескіндеме жүйесін асқан кәсібилікпен меңгерген. Суретшінің бір ерекшелігі - оның қазақы нақышты заманауи талғаммен үндестіре алуы.

Суретшінің «Поединок», «Предки», «Аллегория», «Всадник», «Путник», «История», «Шелковый путь» полотналары халыққа жақсы таныс. Сонымен қатар, қазақ мәдениеті өкілдеріне қатысты терең мағыналы портреттері халық көңілінен ерекше орын алады. Ал тарихи портреттер мысалы, «Абылайхан», «Абай», «Кенесары», «Яссауи», «Райымбек», «Жалаири», «Жамбыл» сынды еңбектердің орны тіптен бөлек.