Атақты теннисші Новак Джокович Астанаға ұшып келді
Сербиялық теннисші бүгін басталған Astana Open ATP 500 жарысына қатысады.
Н.Джокович елордаға жақсы көңіл-күймен жетті. Айта кетсек, ол жексенбі күні мәреге жеткен Тель-Авив ATP 250 додасының финалында хорватиялық Марин Чиличті 6:3, 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанған еді.
Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингіде жетінші орында тұрған Н.Джокович Астана жарысының төртінші ракеткасы болып тіркелген. Новак ертең бастапқы кездесуін рейтингіде 81-сатыдағы чилилік Кристиан Гаринмен өткізеді.
Бүгін Астана додасына арнайы шақырту алған, рейтингіде 327-орындағы қазақстандық Бейбіт Жукаев алғашқы айналымда әлемнің 34-ракеткасы, Нидерланд өкілі Ботик Ван де Зандшульпқа есе жіберді - 1:6, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open турнирінің іріктеу сайыстары аяқталғанын, Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде бір сатыға төмендегенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Тимофей Скатов әлемдік рейтингіде ТОП-200-ге жуықтады.
Фото: facebook.com/kaztennis