Атақты теннисші Р.Надаль Н.Назарбаевқа өзінің ракеткасын тарту етті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга арасындағы теннис матчын тамашалады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы жарыс алдында әйгілі теннисшілерді қабылдап, кездесу барысында олардың осы келісі еліміздегі теннистің бұдан әрі дамуы үшін маңызды екендігіне тоқталды.

Теннисшілер Қазақстанға келу олар үшін үлкен құрмет екенін атап өтті. Олар өздерінің клеуі және матч өткізуі біздің елімізде тенниске қызығушылықты арттыратынына сенімдерін білдірді. Кездесудің соңында Р.Надаль өзінің ракеткасын Елбасына тарту етті.

Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга елімізге сапары аясында қазақстандық жас теннисшілерге - «Team Kazakhstan» академиясының тәлімгерлеріне шеберлік дәрісін өткізді және Астананың көрікті жерлерін аралап көрді.

Рафаэль Надаль - испандық теннисші, Үлкен Дулыға турнирінің 14 дүркін жеңімпазы, 2008 жылғы Олимпиаданың жеке сындағы чемпионы, «Алтын дулыға», сондай-ақ Дэвис кубогының үш рет Испания құрамасы сапындағы иегері.

Жо-Вильфрид Тсонга - кәсіпқой француз теннисшісі, ATP 15 турнирінің жеңімпазы, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының ерлер арасындағы жұптық сындағы Күміс жүлдегері, 2014 жылғы Хопман Кубогының Франция ұлттық құрамасы сапындағы иегері.