АСТАНА. ҚазАқпарат – Швейцариялық теннисші Роджер Федерер үлкен спортпен қош айтысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлыбритания астанасы – Лондон қаласында Лэйвер кубогі көрмелік турнирінде ол өзінің спорттық мансабындағы соңғы кездесуін өткізді. Аталған сайыста испаниялық Рафаэль Надаль екеуі жұптық сында америкалық Фрэнсису Тиафо және Джеку Сокуға қарсы ойнады. Олар қарсыластарына есе жіберіп, кездесуді жеңіліспен аяқтады.
Роджер Федерер 1981 жылдың 8 тамызында дүниеге келген. Спорттық мансабында түрлі жарыста 103 мәрте топ жарды. Оның ішінде «Үлкен дулыға» турнирінде 20 дүркін чемпион атанды.
Сондай-ақ, 2008 жылы Бейжің олимпиадасында жұптық сында отандасы Станислас Вавринка екеуі алтыннан «алқа» тақты.
Ал, 2012 жылы Лондон олимпиадасында жекелей сында күміс медаль алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Александр Бублик Франциядағы турнирдің жартылай финалына шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.