Атақты жиhанкез Мағжан Сағымбаев Қазақстанды атпен аралап шықпақ ниетте

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Марафоны тек алматылықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін де айтулы спорттық мереке. Ол адамдар арасында достықтың, таныстықтың нығаюына септігін тигізеді. Бүгін Алматы Марафонына тұңғыш рет қатысқан белгілі жиhанкез Мағжан Сағымбаев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.

«Мен бүгін Алматы Марафонына тұңғыш рет қатысып, 42 шақырым 195 метр қашықтықты жүгіріп өттім. Ең қиын кезең 30-35 шақырымнан кейін басталады екен. Әрі қарай, өзіңді қамшылап, жігеріңді жанып жүгірмесең болмайды. Міне, осындай сынақтар адам бойында шыдамдылық, төзімділік қасиеттерді қалыптастырады», - деді М. Сағымбаев.

Сонымен қатар, Мағжан болашақта Қазақстан аумағын атпен аралап шығуды армандайтындығын жеткізді.

«Мен кезінде дүниежүзін велосипедпен аралап шығып едім. Таяуда Мақсұт Жұмаев екеуміз Оңтүстік Американың ең биік шыңы - Аконкагуа шыңын бағындырдық. Енді алдағы уақытта Қазақстанның әр облысын атпен аралап шыққым келеді. Ауыл-аймақтарда болып, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен таныссам деймін. Басты мақсатым - осы саяхат арқылы қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін паш ету, әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерімен, тарихымен танысып, оларды ұғынып, жұртшылыққа дұрыс түсіндіре білу», - деді М. Сағымбаев.