Атамбаев: Қырғызстан қарулы күштерінің әскери дайындығын арттыруы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қырғызстан Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев Қарулы күштер бас штабының басшысы Раимберди Дуйшенбиевті қабылдады, деп хабарланды president.kg сайтында.

Кездесуде мемлекет басшысына елдің Қарулы күштерінің дамуы мен нығаюы бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар жайлы, шекарадағы қауіпсіздікті қамту мен мемлекеттік шекараны қорғау бойынша күшейтілген шаралар жайлы баяндалды.

Президент Алмазбек Атамбаев және Бас штаб басшысы Раимберди Дуйшенбиев орталық әскери басқару органының қызметін, соның ішінде заманауи қауіп-қатерлерге әрекет ететін елдің Қарулы күш құрылымын құру мәселесін талқылады. 

Президент алға қойылған міндеттерді тиімді орындау және мемлекеттің қорғаныс мүмкіндігін күшейту үшін Қарулы күштердің әскери дайындығы мен мобильділігін арттыру керек екенін атап өтті.