«Атамекен» бизнесті субсидиялау ставкасын 16 процентке төмендетуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің бірыңғай жол картасы -2020» бағдарламасы аясындағы субсидияның тиімді ставкасын 16 процентке төмендетуді ұсынды.

Бұл туралы бүгін аталған палатаның съезі барысында «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Бизнестің бірыңғай жол картасы - 2020» бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаржысынан 200 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылданған еді. Сонымен қатар ҰКП-ның тиімді жобалар мен инфрақұрылымдарға критерийлерді қайта қарау ұсынысының ескерілгендігін атап өткен орынды», - деді ол.

Сонымен қатар ол шағын және орта бизнес субъектілерінің құқықтарын шектейтін көптеген нормалардың да болғандығын айтып өтті. 

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жол картасына байланысты субсидиялаудың қолданыстағы тиімді ставкасын қазіргі шынайы жағдайды ескере отырып, 16 процентке төмендетуді қарастыруды ұсынады. Бизнесті сервистік қолдау да кәсіпкерлік қоғамдастық тарабынан өзінің талап етілетіндігін дәлелдеп берді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қаржылай емес қолдау шараларымен бизнестің 46 мыңнан астам субъектісі қамтылды. 2 мыңнан астам жаңа өндіріс орны ашылып, 4 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Кәсіпкерліктің 8 мың субъектісі қаржылай көмек алды», - деді Шотанов.