«Атамекен» этномемориалдық кешеніне қазақтың әйгілі батыры Қаракерей Қабанбайдың ескерткіші қойылатын болды

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешеніне қазақтың әйгілі батыры Қаракерей Қабанбайдың ескерткіші қойылатын болды.

Ескерткіш Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылына қойылған Қабанбай батыр ескерткішінің көшірмесі. Авторы - танымал мүсінші Болат Құсайынов.

Бүгін аталмыш шараға байланысты Астанада «Батыр баба ерлігі - тәуелсіздік тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда Қабанбай батырдың қазақ тарихындағы орны, Отан қорғаудағы ерлік істері мен батырдың бойындағы ерекше қасиеттері жөнінде арнайы баяндамалар жасалды. Сондай-ақ батыр жөніндегі тың деректер негізінде қызықты әңгімелер айтылып, сахналық көріністер қойылды.

Аталмыш шараның тарихи тұлғалардың есімдерін есте сақтау, қазақ халқының қорғаны болған Қабанбай сияқты батырлардың ерлік естерін жастарға үлгі-өнеге етіп, патриоттық тәрбие беруде маңызы зор.