ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында белгілі әнші-композитор, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың «Атамекен» ІХ халықаралық ән фестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Өнер додасының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен оралдық Расим Жұмағалиев бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ шымкенттік Мағжан Әлтенбаев - бірінші, Сырым ауданынан Бекей Қанатов пен қызылордалық Арайлым Махамбетжанова - екінші, қарағандылық Ербота Ұзақбаев, Астраханнан келген «Этиль» триосы, зеленовтық «Серілер» квинтеті және атыраулық Айбар Ғаниұлы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ дипломант атанғандар да тарту-таралғысыз қалған жоқ.
Айта кетейік, туған жеріне шығармашылық сапармен келген Ескендір Хасанғалиев Бөрлі, Теректі аудандарында өнер көрсетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).