«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалды кешенінде жаңа макеттер қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа маусымда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Қазақстанның жаңартылған картасы ұсынылатын болады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалды кешенінде 50-ден астам жаңа макет қойылады. Макеттер соңғы бірнеше жылда еліміздің түкпір-түкпірінде салынған жаңа нысандарды елордадағы ҚР Бас прокуратурасын, Ұлттық музейді, Семей қаласындағы Абай театрын, «Сегізаяқ» аквапаркін көрсететін болады. Тек қана Қызылорда облысының өзінен 14 жаңа ғимарат пен мәдениет нысаны ұсынылады. Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Атамекен» Қазақстан картасында 20-дан астам ұлттық үй ашылады.

Елордалық политехникалық колледждің студенттері соңғы аптада мұражай кешеніндегі 14 макетті қалпына келтірді.

«Үш күннің ішінде 30 студент он төрт макетті қалпына келтірді. Біз жұмысты жалғастырып, тағы елу макетті қалпына келтіреміз. Сонымен қатар, ең дарынды студенттерді жаңадан макеттер жасауға тартамыз. Картада биыл барлығы 50-ден астам макет пайда болады, олардың көпшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналады. 20-дан астам ұлттық үй. Жазда Карта жаңарып отыратын болғандықтан, жазда бірнеше студентті жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз», - деді ұстаз, «Атамекеннің» бас шебері Төлеуғазы Байғалиев.