«Атамекен» одағы экономикалық қылмыстарды қамтитын заңнаманы жетілдіруге өз ұсыныстарын жасамақ

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы қылмыстық заңнаманың экономикалық қылмыстарды реттеу бөлігін жетілдіре түсу туралы өз ұсыныстарын әзірледі.

Бұл туралы бүгін «Атамекен» одағы» ҚҰЭП жұмыс тобының отырысы барысында журналистерге сұхбат берген ҚҰЭП төрағасы Азат Перуашев мәлім етті.

«Біз ҚР Қылмыстық кодексінің 22-бабы бойынша қылмыстық жазалауды әкімшілік құқық бұзушылықтық жауапқа тартумен алмастыруды ұсынатын боламыз. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 190 және 208-баптарынан «ірі мөлшерде пайда тапқаны үшін» деген ұғымды алып тастап, ол үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілікті алып тастап, тек ірі көлемде залал келтірген қылмыстары үшін ғана қылмыстық жауапкершілікті қалдыруды ұсынып отырмыз. Жалпы, «заңсыз алынған кіріс» деген ұғым жоқ. Мемлекет басшысы жақында Үкіметтің кеңейтілген алқа мәжілісінде бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Соны іске асыру керек», - деді А. Перуашев.

Оның айтуынша, экономикалық сектордағы қылмыстық жауапкершілік мемлекетке, қандай да бір ұйымға немесе жеке азаматтарға залал келтіргенде, зияны тигенде ғана қарастырылуы шарт. Бұдан бөлек, «Атамекен» одағы» тарапынан экономикалық қылмыстар үшін айыппұл мөлшерін арттыруға қатысты жауаптылықтың жаңа түрін енгізу туралы ұсыныстар жасалатын болады. «Мәселен, материалдық шығынды екі есеге дейін өтеп беру. Бұл негізінен әкімшілік жауапкершілік аясында аса ауыр емес 11 экономикалық қылмыстар бағытында қарастырылатын болады», - деді А. Перуашев.