«Атамекен» одағы ішкі рынок үшін отандық өнімдерді сертификаттау функциясын өз мойнына алуға дайын ? А. Перуашев

None
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Қазақстанның «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы ішкі рынок үшін отандық өнімдерді сертификаттау функциясын өз мойнына алуға дайын.
Бүгін Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресінде бұл туралы аталмыш одақтың төрағасы Азат Перуашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Индустрияландыруды дамытуда Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алынған мемлекеттік сатып алуларды отандық өнімдерге бағдарландыру жұмысы стратегиялық сипатқа ие. Тәжірибе көрсеткеніндей, мұндайда ішкі рынок үшін қазақстандық өнімдерді сертификаттау мәселесі маңызды бола түседі. Құрметті Кәрім Қажымұқанұлы! Үкіметтің өткен жұмадағы кеңейтілген отырысында мен осы мәселені көтергенімде Сіз, «Атамекен» бұл функцияны өз мойнына алуға дайын ба? - деп сұраған едіңіз. Салалық қауымдастықтармен жүргізілген консультациялардан кейін, мен бүгін «Атамекен» ішкі нарық үшін отандық өнімдерді сертификаттау функциясын өз мойына ала алады және алуға міндетті деп нық сеніммен айта аламын», - деді А. Перуашев Үкімет басшысы К. Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде. Осы орайда ол сертификаттау саласындағы заңнамаға өзгертулерді талқылау аясында сарапшылар мен техникалық базаны дайындау үшін араға жарты жыл салатын кезеңмен тиісті өзгертулер енгізуді сұрады. «Әзірге мұндай түзетулер Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу комитетінде дайындалды. Алайда бұл функцияны «Атамекенге» және салалық одақтарға заңнамалық тұрғыдан бекіту көптеген мәселелерді шешеді және бизнестің бұл жаңашылдыққа қырын қарауын жояды деп ойлаймын. Техникалық реттеу комитетімен бұл мәселе бойынша өзара түсіністікке келіп отырмыз», - деді А. Перуашев.