«Атамекен» одағы» құрылыс салуда жобаларды мемлекеттік органдармен келісу талабын жоюды ұсынады
Бұл жайлы бүгін «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасы Президиум Бюросының отырысында мәлім болды.
«Бүгінгі таңда құрылысқа қатысты әрбір жоба бірнеше мемлекеттік органның келісімінен өтуі тиіс. Яғни бұл ретте бұған дейін алынған келісім іс жүзінде қайталанады. Ал заңнамада мұндай кейбір келісімдер қарастырылмаған. Мәселен кадастрлық бюроның келісімін мемлекеттік органдар «қайта сақтандыру» мақсатында енгізіп отыр», делінген ҰЭП баспасөз хабарламасында. Осыған орай, үдерісті оңтайландыру үшін «Атамекен» одағы жобаларды мемлекеттік органдарда келісімнен өткізу талабын алып тастауды ұсынады. «Нысан бүкіл санитарлық және басқа да нормаларға сай салынуы шарт. Ал нормалардың орындалуына бақылау қадағалаушы органдар тарапынан нысандарды пайдалануға қабылдайтын кезде сақталады», делінген хабарламада.