Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен одағы» ҰЭП басқарма төрағасы Азат Перуашев айтты. Естеріңізге сала кетейік, аталған коалиция ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуді жақтайды.
«Күн сайын Алматы облысынан, Алматы қаласынан, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстарынан және басқа да қалалардағы кәсіпкерлер тарапынан ұжымдық үндеулер келіп түсуде. Еліміздің әрбір өңірлеріндегі мекемелерде, кеңселерде азаматтар референдум идеясын қызу талқылап, ұжымдардың жиылыстары өтіп жатыр. Біз бұндай жағдайда тек әлгіндей бастамаларды біздің әріптестеріміз өзара байланыста әрекет етуі үшін әрі жергілікті жерлердегі референдумды ұйымдастыру жөніндегі штабтармен бірлесе жұмыс істеулері үшін үйлестіріп отыруға ғана үлгеріп келеміз», - деді А. Перуашев.
Сонымен қатар, «Атамекен одағының» басшысы бизнестің орны саясаттан аулақта екендігін айта келе, бұндай дәстүрдің аса прагматикалық қырларына да үңілді. «Саяси көзқарастары үшін қоғамды жікке бөлу нарықта белгілі бір проблемаларды туғызатыны айқын. Мәселен, бәзбір клиенттердің бөлігі қалай дауыс беретініңе қарап, сеннен алыстауы мүмкін. Алайда, өз ісіңмен айналысуыңа мүмкіндікті қарастыратын базалық мәселелерге келгенде, оның ішінде өз еліңде тыныш ұйықтап, болашаққа сенімділікпен қарау мәселесі қозғалғанда - бизнес әрқашан аса мүдделі тарап болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда бизнестің сөзсіз саясиланғанын, бірақ сөзсіз патриот екендігін айтуға да болады», - деді А. Перуашев.
Оның айтуынша, Елбасының қамқорлығының арқасында тәуелсіздік жылдары мыңдаған ел азаматтары өз ісімен айналысуға мүмкіндік алды, жұртшылық тұрмыс жағдайын түзеп, еркін азамат болуға жол ашылды. «Жалпы референдум бизнес үшін келесі онжылдық бойы өзінің алаңсыз әрекет етуіне кепіл бола алады. Бұдан бөлек, бүгін қарапайым азаматтар Назарбаевқа президенттіктің еш қажет емес екендігін, ал бізге, біздің азаматтарға, мемлекетімізге Президент Назарбаевтың аса керек екендігін біледі», деді А. Перуашев.