«Атамекен» ҰКП ішкі туризммен айналысатын компанияларға лицензияны алып тастауды ұсынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ішкі туризммен айналысатын туристік компаниялар үшін лицензияны алып тастауды ұсынады.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева мәлім етті.

«Бүгінгі таңда біз қазақстандық туроператорлардың еліміздің ішкі туризмі саласында бағдарларын дамытуды ынталандыру, сырттан туристер тарту бойынша жұмыстарды атқарудамыз. Бұл негізінен біздің көшпелі ішкі туризммен айналысатын туроператорларға рұқсаттарды алуды оңайлату бағытында болмақ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы соған орай, ішкі туризммен айналысатындарға лицензияны алып тастап, ескерту хат тәртібіне көшуді ұсынады», -дейді Гүлнәр Құрбанбаева. Оның айтуынша, лицензиялауды алып тастау отандық туроператорларды ішкі туризмді дамытуға ынталандыратын болады. Өйткені, ҰКП өкілінің айтуына қарағанда, қазіргі таңда елімізге келетін туристерге қарағанда сыртқа кетушілер көп.

Сонымен қатар, Гүлнәр Құрбанбаева ішкі туризммен айналысатын компаниялар үшін белгілі бір біліктілік талаптары сақталуы тиістігін де алға тартады. «Әлбетте бізге өзіміздің қазақстандық нарықты дамыту маңызды. Сондықтан да, біз басы артық үдерістерді, кедергілерді алып тастауды ұсынамыз, дегенмен, жауапкершілік сол қалпында сақталуы тиіс», деді ол.

Айта кетерлігі, ҰКП ұсынысын Инвестициялар және даму министрлігінің Индустрия және туризм департаменті де қолдаған. Осыған орай, заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысы жүргізілуде.