Атамқұлов қара сора егілген жерді спутниктердің қалай анықтағанын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ғарыш спутниктері арқылы жолдың сапасына талдау жасап, есірткі егілген орындарды анықтауға болады. 

Бұл туралы Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқ­ұлов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Астананың іргесінде тұрғызылып жатқан Ұлттық ғарыш орталығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Комитет мүшелері орталықта тәжірибелік өндірісі бар ғарыштық техниканы Арнайы құрастырушылық-технологиялық бюросының жұмысын тексерді.

«Біз қазір «Cosmo-sk­ymed», Испанияның «D­eimos», АҚШ-тың «Geo­Eye» спутниктерімен кешенді түрде жұмыс атқарып жатырмыз. Демек, олар бізден, біз олардан ғарыш кескіндерін ала аламыз», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуына қарағанда, Ұлттық ғарыш орталығына бір ғана ауыл шаруашылығы бойынша жүктелген 44 тапсырма бар. Атап айтқанда, жердің құнарлылығы, егіннің шығымдылығы, шегіртке мәселесі, жерді тиімді пайдалану, жер кадастры шаруаларына ғарыш орталығының қызметкерлері атсалысуда.

«Осылайша, жерді өз еркімен пайдалану, тиімсіз пайдалану жағдайларын анықтадық. Мәселен, талас тудырған учаске бар делік. Азаматтық іс қаралғанда ғарыш арқылы жер аумағын кез келген адамның алдына жайып беруге болады. Сонымен бірге, біз қазір ғарыштағы спутниктер арқылы Есіл көпірінің жай-күйін бақылап отырмыз. Яғни, арнайы құрылғыны көпірге қойып қоямыз да, ғарыштан оның температураға байланысты құрылымының өзгеруі немесе басқа да жай-күйін бақылап отыра аламыз», - дейді министр.

Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде жерді қашықтықтан зондтайтын спутниктердің пайдасын қазір көпшілік түсіне бастағанын айтады.

«Қазір кез келген жер қойнауын пайдаланушы атқарылған жұмысты спутник қызметі арқылы тексере алады. Яғни, ол берілген жұмыс есебін ғарыш кескіні арқылы аз немесе көп өндірілгенін бақылайды. Газ және мұнай құбырларының барлығына мониторинг жасауға болады», - дейді ол.

Министр сонымен қатар, тапсырма берілсе, жолдың сапасына да ғарыш арқылы талдау жүргізуге болатынын атап өтті. Алайда жолдың сапасын анықтап отыру үшін арнайы бағдарлама мен портал жасау керек.

«Мәселен, бізге «қара сораның (конопля) егілген жері бар ма? Болса анықтауға бола ма?» деген жабық тапсырма берілген болатын. Біз осылайша ғарыш спутниктері арқылы Қызылорда облысында сексеуілдің арасынан қарасораның егілгенін анықтадық. Ал тәртіп сақшылары үшін оның егілгенін табу мүмкін болмас еді. Ал ғарыш арқылы біз оны біліп алдық. Бұған қоса шекарадағы аң-құстың қозғалысын, миграциясын анықтауға мүмкіндік алып отырмыз», - дейді Бейбіт Атамқұлов.