Министрдің сөзінше, бүгінде ЖИ атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде өтініш берушілердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын бағалауға көмектеседі.
— Жүйе азаматтар ұсынған фото және бейнематериалдарын талдап, олардың атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж еместігі туралы ұсынымдар әзірлейді. Бұл өңірлік учаскелік комиссиялардың жұмысын едәуір жеңілдетіп, шешім қабылдау кезіндегі субъективті факторларды азайтуға мүмкіндік береді, — деді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ ЖИ мүгедектік тобын белгілеу процесінде де қолданылады. Жүйе азаматтардың медициналық деректерін, соның ішінде анамнездері мен диагноздарын талдап, медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз қатысушысы ретінде шешім жобасын әзірлейді.
Еңбек министрінің айтуынша, бұл тәсіл мүгедектік тобын анықтауда әділдікті арттырып, еліміз бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға және адам факторының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде тағайындау жүйесі де іске қосылған. Бұл жағдайда жүйе төлем алушыны өздігінен анықтап, қажетті мәліметтерді тексереді және аудандық немесе облыстық деңгейлердегі қосымша келісу рәсімдерінсіз төлемді тағайындайды.
— Бұл объективтілікті қамтамасыз етеді. Қолмен өңделетін жұмыстарды азайтады. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі екі күннен 10 минутқа дейін қысқарды, — деді ведомство басшысы.
Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, бүгінгі күнге дейін жаңа жүйе атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша 99 мың өтінішті, ал мүгедектікті белгілеу бойынша 151 мың өтінішті өңдеген.
Сонымен қатар биылғы шілде айынан бастап 12 мың жәрдемақы автоматты түрде тағайындалған.
Бұған дейін Асқарбек Ертаев енді қазақстандықтар жұмыс іздемейтінін, жұмыс адамды өзі іздеп табатынын айтқан еді.