Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда зейнетақыны кіріс көзі ретінде есептеу дұрыс па

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау тәртібіне қатысты халық арасында сын-пікір көп. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Халықпен өткен кездесулерде ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау тәртібіне де көптеген сын-пікір айтылды. Бұл деңгей қандай есеппен анықталады? Аядай бақшасына еккен көкөніспен немесе 20-30 тауығымен күн көріп отырғандарға бұл табыс көзі болып есептеле ме? Ал аз ғана зейнетақымен жан сақтап жүрген зейнеткерлерімізге қандай талап қойылады? Бұл зейнетақыны оларға кіріс көзі ретінде есептеу дұрыс па? Олар алып жүрген зейнетақы кезінде олардың өз жалақысынан жинақталған, қартайғанда күн көру мақсатында жинаған өз қаражаты емес? Ол қалай кіріс көзі болады?" - деді сенатор.

Бектас Бекназаров ел азаматтарының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды заңнамалық қамтамасыз етуді көздейтін барлық бастамаларды Парламент әр уақытта қолдауға және бірігіп жұмыс атқаруға дайын екендігін атап өтті.