Атажұртта ел игілігі үшін еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын - қырғызстандық қандас

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қырғыз елінде ұлттық дәстүрге ерекше мән береді. Қолөнер, зергерлік жақсы дамыған. Бүгінде Қазақстанда да төл өнерге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, адамдар шынайы дүниелерді өз дәстүрі мен салтынан таба бастады,-дейді қырғыз елінен оралған қандасымыз қолөнерші Қарлығаш Ілиясова.

 
Қарлығаштың талайлы тағдыры да қызық. Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Кеңестер кезінің қалыптасқан жүйесіне сәйкес жолдамамен 1984 жылы бүгінгі Санкт-Петербор, сол кездегі Ленинград қаласына құрылыс техникумына оқуға түседі. Оқуды аяқтаған жылы қатар оқыған Бақыт есімді қырғыз жігітімен тағдыр қосады. Посткеңестік мемлекеттер тәуелсіздігін жариялардан екі жыл бұрын, яғни 1989 жылы Қырғызстанның Жалалабад облысы, Алабұқа ауданына оралады. Сөйтіп Қырғызстан азаматы атанады. Осында мектепте сурет, технология пәндерінен сабақ береді. Жолдасы Бақыт алғашында агроном, кейіннен әскери қызмет атқарады.

   

«Тоқсаныншы жылдар өте қиын болды. Жейтін нанымызды таба алмаған кездер болғанын бүгін айтсам, адам сенбейтін шығар. Бала күнімнен әжем, киіз басудан бастап, қолөнердің біразын үйреткен еді. Қиналғанда осы ісмерлігімнің көмегі тиді. Қырғыз еліндегі толқулардың бірқатарына куә болдық. Қырғыз-қазақ бір туған ғой. Дегенмен өз еліңдей бола ма? 2006 жылы Қызылордаға көшіп келдік. Үлкен ұлым Темірлан Қырғызстанда прокуратура саласында қызмет етеді. Қызым Альбина осында келгесін тұрмысқа  шықты. Кенжем Табиғат жанымда  қолөнер ісімен айналысады. Тіпті бізбен бірге құрақ құрап, ұлттық киімдерді де тіге береді. Сонымен қатар зергерлік бұйымдар білезік, сақиналар жасайды. Елге келген соң төркінімді паналадым. Қолымнан келген өнерім арқасында көрмелерге қатысып көзге түстім.  Облыстық көші-қон департаменті жағдайымды біліп, тиесілі квота бөлінуіне көмектесті. Бір бөлмелі алғашқы үйімізді алдық. Қолөнер бұйымдарын жасауды тоқтатқан жоқпын. Мемлекет тарапынан түрлі қорлардан ақшалай қолдау болды. Тұңғыш  Президент қорынан да қаржылай көмек алдым. Бұл кәсібін жаңа бастаған адам үшін зор көмек қой. Соның арқасында  «Қарлығаш» шеберлер орталығын аштым. Қырғыз елінде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Орталықта алғашында 25 оқушы кейіннен 12 талапкер кәсіп үйренді. Қазірде өз қалаулары бойынша келіп жүрген жастар аз емес. Бізде құрақ көрпешелер, қыздың жасауы, арнайы тапсырыстармен ұлттық киімдер тігіледі. Сонымен қатар той табақ, кәдесыйлар жасаймыз. Астанадан, Оралдан тапсырыстар жиі түседі. Бүгінде көпшілік үйлерде арнайы қазақы бөлмелерді жасақтайтын болды ғой. Соған орай біздің өнімдерімізге сұраныстар да артып отыр. Өзім Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, әрі облыстағы өкілімін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жеке көрмемді өткізу дайындығын жасап жатырмын. Айтулы мерекеге осылайша тарту жасау ойымда бар. Менің бір байқағаным, талап қылған адамға Қазақстанымызда мүмкіндік көп. Тек жалықпай еңбек ету керек. Ия, осылай Ұлы көштің легінде біз де атажұртқа оралдық. Мен мемлекет басшысын кемеңгер көшбасшы деп мақтанышпен атар едім. Өзге елде 21 жыл тұрып келгендіктен мен мұны жақсы білемін. Елбасы бар мүмкіндікті беріп отыр, мемлекеттік қолдау бар. Еңбек ету керек бастысы. Менің бар арманым, ұлттық құндылықтарды насихаттап, келер ұрпаққа табыс ету. Біздің елде оған толық мүмкіндік жасалған. Атажұртқа оралып, ел игілі үшін еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын», - дейді Қарлығаш.