Атбасар ауданында су тасқыны қаупі сейілген жоқ

Фото: Фото: Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысы Атбасар ауданында төтенше жағдай жарияланды. Мұндағы Жабай өзенінің деңгейі 6.10 метрге дейін көтеріліп, 127 жер үй су астында қалды. Бұдан бөлек, екі мектептің жертөлесіне су кірген.

Бүгінде су деңгейі шамамен 5 метрге дейін төмендеген. Десе де, қауіптің беті сейілген жоқ. Жабай өзеніне екі өзеннің суы қосылады екен. Осылайша, күш алған тасқын жылда атбасарлықтарды әбігерге салатын көрінеді. Жойқын тасқын 2014, 2017 жылдары және биыл тіркеліп отыр.

Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, бүгінде су басқан үйлердің тұрғындары арнайы комисияға құжаттарын тіркеп жатыр. Кейін комиссия мүшелері үй-үйді аралап, шығын көлемін анықтамақ.

«2017 жылы су астында қалған үйлердің тұрғындарын көшіру мақсатында 5 қабатты үйдің құрылысы басталған болатын. Бүгінде көпшілігі сонда тұрып жатыр. Көшуге ниет танытпаған 87 үй иелері биыл тағы су астында қалды. Көпқабатты үйге көшкісі келсе, үйлері дайын. Көшпейміз десе, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз», - дейді аудан басшысы.

Айта кетейік, ауданда 7 эвакуциялық пункт ашылған. Бірақ, олардың бәрі бос тұр. Тұрғындар туыстарының үйіне баруды жөн деп тапқан.