Атбасар қаласында 500-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Атбасар қаласында 206 тұрғын үйді су басты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ТЖД мəліметі бойынша  кеше кешкі сағат 20:00 шамасында Жабай өзенін бойлай салынған су бөгетін үш жерден, Ремень зауыты, Ибруева көшесі маңында ағын су бұзып кеткен. Осының салдарынан қауіпті аумақта орналасқан 206 тұрғын үйді су басып, 451 жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар нөмір 1-ші орта мектепті де су алып қалған. Жапа шеккен адамдар жоқ. Қазіргі кезде құтқару жұмыстары жалғасуда.

Еске сала кетейік, кеше таңертең Сандықтау ауданында су тасқыны орын алып, 65 тұрғын үйді су алып қалған болатын. Оның ішінде 50 үй Сандықтау ауылында болса, 15-і Балкашин селосындағы үйлер.   Осының салдарынан 180 жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген еді. Қазіргі кезде ауданда жағдай тұрақты.