Атбасарда қызыл судың жайылуына жол берілмеді - С.Кулагин

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласында барлық қызметтер үйлесімді іс-қимыл танытып, елді мекенді су басуына жол бермеді.Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде айтылды. Кеңесте көктемгі су тасқынының алдын алу және елді мекендерді көркейту, санитарлық тазарту және көгалдандыру туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Алексей Советов сөз алып, «2016 жылдың көктемі кезеңінде су тасқынына қарсы шаралар туралы» облыстық әкімдіктің қаулысына сәйкес осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде әсіресе, 954 мың текше метр қар шығарылғанын, 190 көпірдің және 3,2 мың су өткізетін қондырғылардың қардан тазартылғанын ерекше атап өтті.

Күні бұрын қолданылған осындай шаралардың нәтижесінде биыл облыста бұл қауіпті кезең ойдағыдай өтіп, өзен-көлдердің суының деңгейі бірқалыпты ұсталды. Атбасар қаласында соңғы болған төтенше жағдайда осыған қатысты барлық қызметтер үйлесімді іс-қимыл танытып, елді мекенді су басуына жол бермеді.

Облыс әкімі мұны жоғары бағалап, су тасқынына жол бермеу үшін қосымша тартылған жұмыс күштерін енді тарқата беруге болатындығын айтты.

«Алайда, 25 сәуірге дейін тәуліктік кезекшілікті тоқтатуға болмайды. Егер күн күрт жылынса, еріген қардан су деңгейінің тағы бір көтерілу қаупі бар. Жалпы, өткен жылы Целиноград ауданында тұрғызылған ұзындығы 48 шақырым болатын бөгет, биыл алдын ала қаржы бөліп, басқа қауіпті жерлерде де осындай бөгеттерді тұрғызу және нығайту өз нәтижесін бергеніне сөз жоқ»,- деді С.Кулагин.

Соңғы жаңалықтар