Атбасарда су тасқыны қаупі бар аймақ тұрғындары қашан жаңа үйлеріне қоныстанады

Атбасарда су тасқыны қаупі бар аймақта тұратындар жаңа үйді күтіп жүргеніне біраз уақыт болып қалды. Қалалық әкімдік жаңа тұрғын үйлердің қашан пайдалануға берілетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Kazinform

Атбасар қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2017 жылы су тасқынынан үйлері зардап шеккендердің барлығы жаңа пәтерлерге қоныстанған. Қазіргі кезде су тасқыны қаупі бар аймақта тұратындарды көшіру үшін жаңа екі тұрғын үй салынып жатыр.

2021 жылы су басудың қайталанған жағдайларының туындауын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №391 қаулысымен Атбасар ауданының тұрғындарын су басуы мүмкін аймақтан көшіру үшін 100 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысына Үкіметтің резервінен қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

«2021 жылдың маусымында жергілікті атқарушы орган мен мердігер «ПрестижСтрой-7» ЖШС арасында көппәтерлі тұрғын үйлер салу туралы шарт жасалды. Құрылыс жұмыстары барысында құрылыс материалдарының 20-25 пайызға қымбаттауына байланысты 2022 жылдың 26 сәуірінде «Престиж Строй 7» ЖШС басшылығы құрылыс аяқталған кезде шығынға ұшырайтынын айтып, яғни болжамды шығынды көрсете отырып, нысандары бойынша түзету енгізу туралы жергілікті атқарушы органдарға жүгінді. Жергілікті атқарушы орган жобаларды түзетуден бас тартты. Қалыптасқан жағдайға байланысты мердігер ұйым тұрғын үйлердің құрылысын баяу жүргізуде. Алайда біз нысандарды уақытылы пайдалануға беру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз, - деп түсіндірді әкімдіктен.

Әкімдіктен атап өткендей, тұрғын үйлердің бірін биылғы жылдың желтоқсан айында, ал екіншісін 2024 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы, 2018 жылдан бері Атбасарда Жабай өзенінің су деңгейі қаупті шебіне жеткен жоқ.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір келесі жылы іске қосылатынын жазған едік.