Атбасарда тағы 123 адам эвакуацияланды

Фото: Фото: Ақмола облысы ТЖД

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Атбасар ауданындағы су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Соңғы бір тәуліктің ішінде 123 адам эвакуацияланды, оның 11-і зейнеткер және 29-ы бала.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Атбасар қаласында Жабай өзені қауіпті деңгейден (4,45 м) асып, 4,50 метрді құрады. Қазіргі кезде топырақтан тұрғызылған бөгеттер нығайтылып жатыр.

Фото: Ақмола облысы ТЖД

«Бұған дейін тұрғындарға су тасқыны болуы мүмкін жерлерден эвакуациялау қажеттігі туралы екі рет хабарланды. Соңғы бір тәуліктің ішінде 123 адам эвакуацияланды, оның 11 зейнеткер және 29 бала. Олардың барлығы туыстарының үйіне орналастырылды», - деді ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, су тасқынына қарсы жұмыстарға Ақмола, Жамбыл облыстарының ТЖД құтқарушылары, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілерден құралған барлығы 133 адам, 38 бірлік техника және 10 мотопомпа жұмылдырылған. Тәулігіне 72 960 текше метр су сорылып, 1 мың қап әзірленді және инертті материал салынған 2 мың қап төселді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Атбасарда 150-ден астам адам эвакуацияланғанын жазған едік.