Атбасарда жазасын өтеушілерді ұрып-соғу ісі бойынша ҚАЖК-нің 12 қызметкеріне үкім шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Атбасарда жазасын өтеушілерді ұрып-соғу ісі бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкерінің әрқайсысына бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұған дейін олар екі рет ақталғанымен, прокуратураның наразылықтарынан кейін екі үкімнің де күші жойылған.

Фото: Kazinform\ЖИ

ҚАЖК-нің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс Атбасар аудандық сотында қаралды. Бұл жолы оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 1-бөлігі бойынша лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Сот «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолданып, олардың әрқайсысына бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сотталушылар үш жылға құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым иелену құқығынан айырылды. Сот оларды арнаулы атақтарынан да айырды. Сотталғандарға пробациялық бақылау белгіленді.

Үш сотталушы жазадан босатылды. Олар сот талқылауы кезінде қамауда болғандықтан, жазасын өтеген болып есептелді.

Бұдан бөлек, сотталғандардың әрқайсысы жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Сотталғандардан әр жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін өтемақыны ортақтасып өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2023 жылы әлеуметтік желіде Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесінің қызметкерлері дәретхана тазалаудан бас тартқан жазасын өтеушіні ұрып-соққан видео тараған еді. ҚАЖК жүргізген қызметтік тексеру қорытындысы бойынша тәртіптік комиссияның шешімімен Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, оның орынбасары және колония бастығы қызметінен босатылды.

2025 жылғы ақпанда Ақмола облысында сотталғандарды азаптады деп айыпталған ҚАЖК-нің 12 қызметкері алқабилердің шешімімен ақталды.

Алайда прокуратура ақтау үкіміне наразылық білдірді. Көп ұзамай бірінші сатыдағы сот процестік заң бұзушылықтарға жол бергендіктен, үкімнің күші жойылды.

Кейін алқабилер ҚАЖК-нің 12 қызметкерін екінші рет ақтады. Прокуратура бұл үкімге де наразылық білдірді. 

Облыстық сот ақтау үкімінің күшін жойып, істі сол соттың басқа құрамына қайта қарауға жіберді.

Осыдан кейін сотталушыларға Қылмыстық кодекстің басқа бабы бойынша айып тағылғаны белгілі болды.

2026 жылғы 4 мамырда сот шешімімен қылмыстық іс Атбасар аудандық сотына жолданды.