Атбасарлықтар көктемгі су тасқынына осы бастан қамдануда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасарлықтар көктемгі су тасқынын алдын алу шараларын қазірден бастап жүргізуде. Бұл туралы бүгін Ақмола облысының əкімі Сергей Кулагиннің ауданға жұмыс сапары барысында сөз болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Атбасар ауданы облыстағы көктемгі су тасқынының қаупі жоғары өңірлердің бірі саналады. Бүгінгі таңда негізгі күш осында жұмылдырылып отыр. Жабай өзені жағасын бойлай ұзындығы 9,5 шақырым бөгет (дамба) тұрғызылған. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 63,183 миллион теңге қаржы бөлінген.


- Биыл өңірде қар көп түсті. Сол себепті су тасқынының қаупі де жоғары. Алдыңғы жыдардағы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстарын ерте бастаған маңызды, - деді Сергей Кулагин өз сөзінде.
Сапар күні облыс әкімі аталған бөгеттің беріктігін бақылап, су басу қаупі бар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар мен көшелердің, арықтар мен су жіберу нысандарының дер кезінде қардан тазалануын да естен шығармауды ескертті.