Аты-жөнін өзгерткен азамат қандай құжаттарды қайта рәсімдеуі қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Аты-жөнін өзгерткен азамат қандай құжаттарды міндетті түрде ауыстыруы керек, жылжымайтын мүлік туралы деректер қалай жаңартылады және бұрын жасалған келісімшарттарды қайта рәсімдеу қажет пе? Осы сауалдарға ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Диас Шәріпбай жауап берді.

Фото: Абай облысы ПД

Оның мәліметінше, Қазақстанда азамат аты-жөнін өзгерткен жағдайда оның жылжымайтын мүлік иесі ретіндегі мемлекеттік жүйедегі деректері өтініш бермей-ақ жаңартылады.

– Азаматтың аты-жөні өзгерсе, оның атындағы пәтер, үй немесе басқа да жылжымайтын мүлік бойынша меншік иесі туралы мемлекеттік жүйедегі мәліметтер цифрлық жүйелердің өзара ықпалдастығы арқылы жаңартылады. Бұл үшін азаматқа тіркеуші органға арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Деректерді өзгерту тегін жүргізіледі және бұл туралы меншік иесіне хабарланады, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Ал азаматтың қолындағы жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжатта бұрынғы аты-жөні көрсетіліп тұрса, қажет болған жағдайда ондағы деректерді де өзгертуге болады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалына немесе «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы жүгіну қажет.

Сонымен қоса ведомство өкілі елімізде атын, тегін немесе әкесінің атын өзгерткен азамат жеке басын куәландыратын құжаттарын міндетті түрде ауыстыруы керек екенін де атап өтті.

– Ал басқа құжаттардың бәрін бірдей міндетті түрде ауыстыру талап етілмейді. Оларды ауыстыру немесе ондағы деректерді жаңарту қажеттілігі құжаттың түріне байланысты анықталады. Мысалы, өзге құжаттарды ауыстыру немесе ондағы мәліметтерді жаңарту қажеттілігі мен тәртібін сол құжатты берген орган немесе ұйым айқындайды, - деді ол.

Осылайша, азамат белгілі бір құжаттағы бұрынғы аты-жөнін өзгерту қажет пе және оны қалай жаңарту керегін сол құжатты берген органнан немесе ұйымнан нақтылай алады.

Бұдан бөлек комитет төрағасының орынбасары азамат тегін, атын немесе әкесінің атын өзгерткен жағдайда бұрын жасалған келісімшарттар мен басқа да құқықтық құжаттар күшін жоймайтынын еске салып өтті.

– Азамат аты-жөнін өзгерткеннен кейін де бұрын жасалған келісімшарттар, нотариат куәландырған құжаттар мен сенімхаттар күшінде қалады. Заңнамада өзгеше көзделмесе, мұндай құжаттар заңды күшін сақтайды. Қажет болған жағдайда бұрынғы аты-жөні көрсетілген құжаттың сол азаматқа тиесілі екенін жаңа жеке куәлігі және аты-жөнінің өзгергенін растайтын құжат арқылы дәлелдеуге болады, - деді спикер.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар аты-жөнін қанша рет өзгерте алатыны жөнінде материал жаздық.