Атырау әкімдігі мейрамхана үшін берілген жер телімін қайтаруды талап етті
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының әкімдігі мейрамхана үшін берілген жер телімін қайтару үшін сотқа жүгінді. Сот шешімімен әкімдіктің талабын қанағаттандырған. Алайда жері телімін алған «АТЦ-Галерея» ЖШС-нің басшылар әкімдіктің талабымен де, соттың шешімімен де келіспей отыр.
Серіктес заңгері Наталья Сонның айтуынша, әкімдік өкілдері 2021 жылы Атырау қаласында McDonald’s мейрамханасын ашу туралы ұсыныс білдірген. Соған байланысты тараптар меморандумға қол қойған. Меморандумға сәйкес әкімдік жер телімін беру, серіктестік мейрамхана салып, мүгедектер үшін екі такси көлігін сатып алу беруге келіскен.
— Бүгінгі күні Атырау қаласының әкімдігі прокуратура мен жерге орналастыру бөлімінің хаттарын негізге алып, мейрамхана орналасқан жер теліміне қатысты сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен әкімдіктің талап арызы қанағаттандырылды. Демек, мәміле жарамсыз деп танылса, жер телімінен де, мейрамханадан да бас тартуымыз керек. Мұндай жағдайда қызметімізді тоқтатып, 70-тен астам қызметкерді жұмыстан шығару қажет. Біз жобаға салынған 1 млрд теңгеден астам жеке инвестицияны жоғалтамыз, — дейді Наталья Сон.
Заңгердің айтуына қарағанда, бұл даулы мәселені сотқа шағымданбай, медиация тәртібімен шешу мүмкіндігі қарастырылған. Сол себептен, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласқан. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның департамент директоры Қуаныш Үмбетовтің дерегіне сүйенсек, аталған серіктестікке жер телімі коропрация арқылы берілген.
— Жер учаскесі инвестициялық жобаға комиссияның шешімімен, сол кездегі қолданыстағы ережелер сақталып, аукционсыз берілген. Біз сот шешімімен келіспейміз. Біржақты болды деп есептейміз. Өйткені жер телімі мейрамханаға берілгенде өз өндірісі, атап айтқанда, нан өнімдері бар деп көрсетілген. Біз мәселені медиация тәртібімен шешкіміз келеді. Олай болмаған жағдайда аппеляциялық шағым түсіреміз, — дейді Қуаныш Үмбетов.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің пікірінше, 2022 жылы Атырау облысының жер ресурстарын басқару басқармасы әкімдік тарапынан жер телімдерін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне беру жұмыстары барысында қолданыстағы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізген. Тексерудің қорытындысымен басқарма тарапынан Атырау қалалық әкімдігіне жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берілген. Онда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын 5 жыл мерзімге беру туралы әкімдіктің шешімі Жер кодексінің 18, 37, 44-1-баптарының негізінде қабылданғаны, бірақ жер учаскелері 48-баптың талаптары негізінде берілуге тиіс екендігі көрсетілген.
Осыған байланысты кейін Атырау қалалық прокуратурасы серіктестікке заңсыз берілген жер телімін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін сотқа дейінгі тәртіпте қарауды талап етіп, әкімдікке хат жолдаған. Ал әкімдік «Атырау» ӘКК» АҚ мен «АТЦ-Галерея» ЖШС арасындағы жер телімін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану талабымен экономикалық сотқа жүгінген.
Қазақстан Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша департаментінің сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, кәсіпкерлік субъектісі тарапынан келісімнің барлық талабын орындап, жобаны жүзеге асырған. Жаңа жұмыс орнын ашып, салық төлеп отыр.
— Жоба іске асқаннан екі жыл өткен соң, әкімдіктің жерді заңсыз бергені белгілі болды. Кәсіпкердің жобаға 1 млрд теңге салды. Енді қызметін тоқтатқанда 6 млрд теңге шығынға батады. Қызметкерлер жұмыссыз қалады. Алдын ала құқықтық сараптама жүргізіп, атқарушы органдардың қорытындысын алдық. 2024 жылы жер телімдерін беру кезінде жобаның инвестициялық құнын анықтау қағидаларына өзгерістер енгізілген. Бұл жоба соның қатарына жатады. Енді жер телімін қайтарып алғысы келсе, мынадай мәселе туындайды. Болашақта қайтарылған жер телімін қалай пайдаланады? Егер кәсіпкерлік мақсат көзделсе, бұрыннан бар ғимаратты бұзудың не қажеті бар? Себебі бұл жер басқа мақсатқа жарамайды. Сондықтан біздің бір ғана ұсынысымыз бар. Бұл нысанды заңдастырып, кәсіпкерді жайына қалдыру қажет, — дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.
Оның пайымдауынша, кәсіпкерлер палатасы әкімдікке бұл жайтты медиация тәртібімен реттеу туралы ұсыныс бергелі отыр. Жергілікті атқарушы орган бұған келіспесе, бзнестің мүддесі сотта қорғалады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тұрғындарға жер телімін беру уақытша тоқтатылғанын жазған болатынбыз.