Атырау аквапаркінде балалардың улану ісі бойынша қылмыстық іс жабылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы Palma аквапаркінде балалардың жаппай улануына байланысты қозғалған қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.
Еске салсақ, биыл 13 шілдеде Атыраудағы бассейнде хлордан уланудың ықтимал дерегі тіркелген еді. Медициналық көмекке жүгінген 14 адамның 3-еуі ауруханаға жатқызылды. Куәгерлердің айтуынша, бассейн маңында ауа хлор иісінен ауырлап кеткен, су сарғайып, суда жүрген балалар жөтеліп, есінен танып қалған. Үш бала ауыр жағдайда жедел жәрдеммен жансақтау бөліміне жеткізілген.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, тексеру барысында хлор дозалау жүйесінде қате кеткені анықталған. Салдарынан реагент суға шамадан тыс көлемде түсіп кеткен. Оқиғадан кейін аквапарк қызметі тоқтатылып, мекеме директоры ұсталған болатын. Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаменті хабарлама жасады.
— Жәбірленушілер тарапы ешқандай шағым мен талап жоқ деп арыз жазды. Осыған байланысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды, — деп нақтылады ведомстводан.
Еске салсақ, Ақтөбеде бір бассейнде екі адам көз жұмған еді.
Сонымен қатар соңғы екі жылда елде қанша бассейн тексерілгенін жазған едік.